«Баспана қымбаттауы мүмкін»: Шарлапаев Таудың ұсынысын қолдамады

Qaz365.kz редакциясы

Министр депутаттың ұсынысын неге қолдамады?

Коллаж: Qaz365.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй құрылысы саласына «эскроу-шоттар» ұғымын енгізуге қатысты Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың бастамасын қолдай қоймайды. Министрдің айтуынша, бұл елдегі бастапқы баспана бағасын шарықтатуы мүмкін. Бірақ Шарлапаев мәселені зерттеп көруге уәде берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Таудың ұсынысы

Мәжіліс депутаты бұған дейінгі отырыста елімізде төрт жарым миллион адам үйге мұқтаж екенін айтқан еді. Оның 1,3 миллионы жастар. Бұл – елдегі мыңдаған салымшылардың тартып отырған азабы.

«Осылайша, 2023 жылы Қазақстандағы үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығының үлесі шамамен 70% құрады. Күні кеше Алматы облысындағы екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай отырған 200 отбасының дау-дамай орын алды. Аталған мәселенің шешімін табу үшін құрылыс саласына «эскроу-шоттар» ұғымын енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, «эскроу-шоттар» ұғымы еліміздің заңнамасына жат ұғым емес. Алайда, бұл тетік тек төлем жүйелері мен төлемдер заңнамасы аясында ғана қолданылып келеді», - дейді депутат.

Нұргүл Тау құрылыс компаниясы объектіні пайдалануға бергенге дейін салымшылардың қаражаттары арнайы «эскроу-шоттарда» сақталатынын айтады. Құрылыс компаниясы шартты бұзған жағдайда, салымшы ақшаны шешіп ала алады.

Шарлапаев неге қолдамайды

Қанат Шарлапаев оған берген жауабында заңға сәйкес, эскроу-шот – клиент айқындаған шарттардың басталуына немесе орындалуына дейін банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасауға үшінші тұлғаның құқығын шектей отырып, клиент осы тұлғаның атына ашатын ағымдағы шот немесе жинақ шоты екенін атап өтеді. 

«Эскроу-шоттар тетігін енгізу мүдделі мемлекеттік органдармен егжей-тегжейлі пысықтауды талап ететіндіктен, министрлік Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржы министрлігіне өз ұстанымдарын беру туралы хат жолдады. Сондай-ақ, осы тетікті енгізу үшін Қазақстанның бірқатар заңнамаларына, оның ішінде Азаматтық кодекске өзгерістерді енгізу қажет екенін ескеру қажет. Бұл ретте, «эскроу-шоттарды» пайдалану тұрғын үй құрылысы нарығына тікелей әсер етеді және кейіннен бастапқы нарықта жылжымайтын мүлік бағасының өсу тәуекелдері болуы мүмкін, бұл үлестік құрылыстың инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай төмендетеді және сатып алу қабілетіне теріс әсер етеді», - дейді Шарлапаев.

Министр осыған байланысты «эскроу-шоттарды» енгізу мәселесі егжей-тегжейлі пысықтауды және мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты қарауды талап етеді деп санайды.