Мәжілісмен орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылғанын айтты
Оның сөзінше, орманшылардың уәде етілген айлығы өспеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Биліктің құжат жүзіндегі жағымды жаңалығына сеніп сан мәрте сан соққан жұрттың жанайқайы жайында: Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді, – дейді депутат Үкіметке жолдаған сауалында.
Ол былтыр қыркүйекте Мәжілістің төрінде көтергенде Үкімет өкілдері, салалық министр «жалақыны өсіреміз» деп уәдені үйіп-төккенін есіне алды. Бұл жолы оттан көйлек киіп орман өртімен күресетін мамандардың жалақысы өсер деп қатты үміттендік дейді ол, алайда 1 жыл дегенде ақжолтай ақпарат келген. 2024 жылдың 1 шілдесінде премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы қаулыға қол қойған. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілген.
«Бөркімізді аспанға атып алақайладық. Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде. Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Орманшылардың жазған арызы да міне менің қолымда, – дейді депутат.
Мәжілісмен орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылғанын, ол қамбада қаржы жоқ екенін айтады. Қаулысы бар да қаржысы жоқ деп ескертті. AMANAT партиясы бұл жағдайды бірнеше рет көтерген. Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді.
«Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді. Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын, – дейді Нартай Аралбайұлы.