Ол басқарма басшыларының халыққа жаны ашу керектігін айтты
Жедел-жәрдем қызметінің проблемалары жайлы комитет отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау басқармасының бірнеше басшысына ескерту жасап, ашуға мінді деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жедел-жәрдем көліктері бойынша Абай облысындағы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы дұрыс жауап бере алмай отырғанын сынады.
«Басқарма басшысының жауабы мұндай бола ма? Сізге Парламенттен бұл мәселені көтеріп отыр. Бұл әкімдіктердің ешкім көтермей-ақ шешетін мәселесі ғой. Сіздер мына жерде дұрыс жауап бере алмай отырсыздар. Тек қана статистикадан басқа ештеңе жоқ. Ол бізге керек емес, Абай облысының тұрғындарына керек емес пе? Қай беттеріңізбен айтып отырсыздар? «Біз келіссөз жүргізіп жатырмыз» дейсіздер. Бұл жауап па сонда? Келіссөз тағы бес жыл жүргізетін шығарсыздар. Қалайша жаңартып жатырмыз дейсіз, егер 69 пайыз тозған болса. Үш жылға дейін санитарлық көлік бойынша ешқандай ақпарат жоқ. Абай облысы – жаңа облыс. Үш жыл ішінде санитарлық көліктер бойынша қандай да бір шешім шығаруға болар еді ғой. Бәлкім, жаңа жылдық шараларға, шырша құруға ойланбастан ақша табатын шығарсыздар. Бұл жауаптарыңыз қабылданбайды», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол басқарма басшыларының халыққа жаны ашу керектігін де айтып өтті.
«Кішкене жан ашу керек. Бұл халық үшін ғой. Өлейін деп жатқан адамдар шақырады. Еріккеннен емес. Мына жерде біз де еріккеннен жиналып отырған жоқпы. Қазақстан бойынша көліктердің 60 пайызға жуығы тозған болса, қандай қызмет туралы айтуға болады. Кейбір қалаларда дәрігерлер, фельдшерлер таксимен келіп-кетіп қызмет көрсетіп жатыр», – деді ол.