Талғарға өз еркіммен бардым, мобилограф ерткен жоқпын – Ардақ Назаров

Qaz365.kz редакциясы

Депутат алдымен дүкенге, содан кейін өртенген үйге барғанын айтты

Фото: әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Талғарда Шерзат Болат өлтірілген дүкеннің алдына барып, неге суретке түскенін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жалпы, мен ол жерге депутат ретінде емес, азамат ретінде бардым. Өзімнің жігіттік парызым ретінде, сол өңірдің, Алматы облысының азаматымын. Болып жатқан жағдайды басынан бастап біліп отырдым. Басында барған кезде, одан кейін Алматы облысының әкімдігі бар, Талғар ауданының ішкі істер бөлімі бар, солардан жағдайды сұрап отырдым. Соңында істің ушығып бара жатқанын көріп, әлеуметтік желідегі толқулар болсын, халықтың кейбір сөздерін естіп, өзімнің азамат ретінде көзіммен көрейін, жағдай не болып жатыр, қалай басталды, Қаржаубай бауырымның өзі қалай, бір шетінен қайғырып отырған отбасына көңіл айтайын деген мақсатпен бардым. Сол күні ешкімнің тапсырмасынсыз, мысалы, айтып жатыр ғой, жоғары жақтан айтып барды деген сияқты, жоқ, олай емес, өзім азамат ретінде барып, кеш болып бара жатқаннан кейін асықтым», - дейді Ардақ Назаров.

Депутат алдымен дүкенге, содан кейін өртенген үйге барғанын айтты. 

«Полицейлер жүр, айналасын қоршаған, тексеру жүріп жатыр екен. Алдымнан БАҚ өкілдері, блогерлер сұрақтарын қойды. Мен айттым., алдымен көріп алайын, жағдайын біліп алайын, содан кейін жауап берейін дедім. Біз де әкеміз, ағамыз, біздің де ініміз бар, балаларымыз бар. Үлкен өкініш, үлкен қайғы отбасы үшін. Сұхбат бергеннен кейін менде ешқандай жаңағы қасыма түсіретін адам ертіп бару деген болған жоқ. Мен ешкімді ертіп барған жоқпын, бір өзім бардым. Қасымда досым болды, спортшы, соны ертіп алдым.  Ол артта қалды», - дейді ол.

Ардақ Назаров Ішкі істер министрлігі мен прокуратура қызметкерлерімен сөйлесіп, істің әділ тергелуін сұрағанын айтты.