«Көршілеріміз қолдан бөгет жасап отыр». Қырғыз депутаты Қазақстанға ренішін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Ол Сыртқы істер министрлігін Қырғызстанның мүдделерін белсендірек дипломатиялық қорғауға шақырды

old.kenesh.kg

Қырғызстандық депутаттар Қазақстанмен шекарадағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Жогорку Кенеште саяси және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау қарастырылды.

Алайда келесі мәселе депутаттардың наразылығын тудырған: “Тараптар халықаралық автомобиль және теміржол қатынасын,сонымен қатар ұлттық тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселесін, соның ішінде өнімді екі елдің нарықтарына уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша серіктес”.

Депутат Улугбек Ормоновтың сөзінше, Қырғызстан мен Қазақстан арасында көптеген келісім бар, алайда маусым басталған бойда шекарада мәселе туындайды.

Бұл мәселеге депутат Камила Талиева да көңілі толмайтынын жеткізді. Ол Сыртқы істер министрлігін Қырғызстанның мүдделерін белсендірек дипломатиялық қорғауға шақырды.

Әрине, қырғыздар мен қазақтар бауырлас ел. Бірақ Ыстықкөлге қарай және кері қайтқанда шекарада жүк көліктерін үнемі көресің. Кезек бітпейді, одан азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз зардап шегуде. Мұндай мәселелер дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс екені даусыз. Келісім жақсы, бірақ келісімдер декларативті болып қалмауы керек. Бұл мәселелерді шешуге болады. Біз көршілерімізге көмектесеміз, олардың айтқанын орындаймыз, бірақ олар бізге жасанды кедергілер жасайды, – дейді депутат.