Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады

Nur-Altay Umirzak

Биыл инфляция – 10,5-12,5% аралығында болады деп болжанып отыр

Сурет: Ұлттық банк

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім қабылданғанда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілді.Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Соңғы айларда бағаның өсуінне түрткі болған негізгі қозғаушы фактор – реттелетін тарифтер мен  нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция  болып отыр. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдегені байқалды. Мамырда айлық инфляция тарихи динамикадан айтарлықтай асып, 0,9% болды. Базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция көрсеткіштері бір жылға есептегенде тиісінше 10,1%-ды және 11,4%-ды құрады. Осының барлығы тұтынушылық сұраныстың қайта артуынан, өндіріс шығындарының өсуінен, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың жалғасуынан бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді. Мамырда халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі 12,2%-ға қарағанда 14,1%-ға дейін өсті. Бұл келешек инфляцияға қатысты құбылмалылық пен белгісіздік сақталып қалғанын көрсетеді”, – делінген хабарламада.

2025 және 2026 жылдарға арналған инфляцияға қатысты болжам қайта қаралды. 2025 жылы инфляция – 10,5-12,5%, 2026 жылы – 9,5-11,5% шегінде болады деп күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 5,5-7,5%-ға дейін төмендейді. Бұл тежеуші сипаттағы ақша-кредит саясаты мен алдағы салық-бюджет консолидациясы аясында бюджеттік қолдау шараларының біртіндеп қысқаруы нәтижесі болмақ.