Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың атына заңсыз рәсімделген несие жағдайында не істеу керектігін түсіндірді
Ең алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарласып, карта/шот пен мобильді қосымшаға қолжетімділікті бұғаттауды талап етіп, өтініштің тіркелгенін растау қажет, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Келесі қадам – полицияға арыз беру. Арызда оқиға болған күнді, несие сомасын, банк немесе МҚҰ атауын көрсету, сондай-ақ дәлелдерді (SMS-хабарламалар, алаяқтар қоңырау шалған нөмірлердің скриншоттары, хат-хабарлар, шот үзінділері) қоса тіркеу керек. Құқық қорғау органдары екі құжаттың бірін береді: жәбірленуші деп тану туралы қаулы немесе қылмысқа жағдай туғызған мән-жайларды жою жөнінде шара қолдану туралы ұсыну. Бұл құжат несие берушінің пайыз есептеуді және берешекті өндіріп алуды тоқтатуына негіз болады.
Одан кейін пайыздық есептеудің тоқтатылғанын тексеру қажет. Полиция құжатын алғаннан кейін кредитор үш күнтізбелік күн ішінде пайыз есептеуді және берешекті өндіріп алуды тоқтатуға міндетті. Егер банк немесе МҚҰ тиісті шара қолданудан бас тартса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіну керек.
«Алаяқтық несие автоматты түрде есептен шығарылмайды. Ол банк немесе МҚҰ тарапынан расталған заңбұзушылықтар және полиция мен сот құжаттары болған жағдайда ғана мүмкін», – деп атап өтті агенттік.