Елімізде интернет алаяқтар көбейіп кетті. Екі күннің бірінде алданып қалғандарды естиміз. Олардан сақтанудың жолы қандай? Ал тәуекелге барып, кәсібін ашып жатқандар қандай кеңеске мұқтаж? Бұл туралы Qaz365.kz тілшісі қаржы сарапшысы Жалғабек Ақболаттан сұрап білді.
– Жалғабек мырза, Алматы қаласында тұрғындар мен шағын бизнес субъектілерінің қаржылық сауаттылығының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?
– Алматы – еліміздегі бюджетке салық түсімдері бойынша алғашқы төрт қалаға кіреді. Халқының саны да 2,5 млн-ға жетті. Шағын және орта кәсіпкерліктің, қаржының орталығы ретінде банктік және цифрлық қызметтерге қолжетімділік жоғары. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпкерлердің базалық қаржылық білімі басқа өңірлермен салыстырғанда жақсырақ деп айтар едім. Соңғы жылдары азаматтар банк өнімдерін белсенді қолдана бастады, онлайн төлемдер мен инвестициялық платформалар кеңінен тарады.
Алайда, бұл орташа көрсеткіштен жоғары дегенді білдіргенімен, нарықтың күрделенуі – криптовалюталар, онлайн инвестициялар, несие өнімдерінің жаңа форматтары – тұрғындардың бір бөлігін әлі де түсініспеушілікке ұрындыруы мүмкін. Шағын бизнесте де жағдай осындай: күнделікті операцияларды – шот ашу, төлем жасау, салық төлеуді бәрі меңгерген. Бірақ ұзақ мерзімді жоспарлау, капиталды басқару, тәуекелді бағалау секілді күрделі салаларда әлсіздік байқалады.
Оның үстіне қаржылық сауаттылық елімізде ең өзекті әрі осал мәселеге айналды. Бүгінде 6 млн азаматтың 11,4 трлн теңге қарызы бар. Алаяқтарға алданғандардың саны жыл сайын өсіп жатыр.
– Жақсы, ал кәсіпкерлер қай салаларда қаржыны дұрыс басқарады, қай жерде қиындықтар бар?
– Көптеген кәсіпкерлер күнделікті қаржылық операцияларды жақсы жүргізеді. Салық төлеу мен есептілікке қатысты базалық түсінік жеткілікті. Цифрлық банкинг пен мобильді қосымшаларды қолдануда үлкен қиындық жоқ.
Ал әлсіз тұстарына келсем, Cash-flow басқару – ең үлкен мәселе. Кәсіпкерлердің айтарлықтай бөлігі түсетін табыс пен шығын ағынын толық қадағаламайды. Атап айтқанда, несие өнімдерінің шарттарын егжей-тегжейлі сараламай, пайыздық мөлшерлемелер мен комиссияларды қате түсіну жағдайлары көп. Инвестиция және капитал өсіміне байланысты стратегиялық жоспарлаудың жетіспеушілігі байқалады.
Сондай-ақ, тәуекелдерді басқару тұрғысына келсек, мысалы, валюта бағамының ауытқуы немесе нарықтағы өзгерістер көбіне назардан тыс қалады.
– Қаржылық білімнің жеткіліксіздігі кәсіпкерліктің дамуына қандай нақты кедергілер тудырады?
– Нақты әсер ететін бірнеше түйткіл бар. Біріншіден, несие алу. Кей кәсіпкерлер банкке барған кезде бизнес-жоспарын кәсіби деңгейде көрсете алмайды. Қаржылық модель, табыстылық болжамы дұрыс жасалмағандықтан несие алуға мүмкіндік азаяды. Көп жағдайда адамдар «пайыз төмен екен» деп қана шешім қабылдайды, ал жасырын комиссиялар мен шарттарды елемейді.
Екіншіден, салық есептілігін жүргізу қиындықтары. Түсініктің жеткіліксіздігі кәсіпкердің артық салық төлеуіне, кейде әкімшілік айыппұлдарға әкеледі. Ал бұл бизнес үшін тікелей шығын.
Үшіншіден – инвестициялық шешімдер. Кәсіпкерлер көбіне тек өз бизнесіне ғана сенім артады, ал артық капиталды әртараптандыруды білмейді. Тіпті кейбірі кездейсоқ, эмоциямен инвестиция жасап, кейін өкініп жатады. Әсіресе жоғары тәуекелді жобалар мен жалған «инвестициялық платформаларда» ұрынып қалып жатады.
– Қаржылық оқыту бағытында қандай бағдарламалар іске асырылуда? Олар қаншалықты тиімді?
– Соңғы жылдары бірнеше жақсы бастама бар.
FinGramota.kz – қарапайым азаматтар үшін өте қолайлы ақпараттық платформа.
AIFC Academy оқушылар мен жастарға арналған қаржылық сауаттылық курстарын енгізді. Жергілікті әкімдіктер бизнеске арналған тренингтер ұйымдастырып келеді.
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі халыққа тұрақты түрде ақпараттық материалдар жариялайды.
Мұның тиімділігіне тоқталсақ, прогресс бар, алайда қамту ауқымы әлі де жеткіліксіз. Қала тұрғындарына қарағанда, аймақтардағы кәсіпкерлердің бұл бағдарламаларға қолжетімділігі төмен. Сонымен қатар, көптеген тренингтер теориялық деңгейде қалып қойып жатады.
– Қаржылық сауаттылықты мектептен бастап меңгеру үшін қандай бағдарламалар қажет деп ойлайсыз?
– Әлемдік тәжірибені ескерсек, үш бағыт өте тиімді. Бірінші, мектептегі практикалық қаржы модульдері. Бюджет құрастыру, жинақтау, несие деген не, инфляция қалай әсер етеді, осының бәрін ойын, симуляция тәсілдерімен үйрету.
Екінші, кәсіпкерлік колледждері мен университеттерде капиталды басқару курстары. Cash-flow, инвестициялық стратегия, тәуекелді теория емес, нақты мысалдармен талдау орынды.
Үшінші, онлайн ресурстар, мобильді қосымшалар, оқушылар мен жастарға арналған жеңіл тілде жазылған контент.
Ал мемлекеттік деңгейде атқаратын шаруаларға тоқталсақ:
Кәсіпкерлерге ашық қаржылық кеңес орталықтарын құру;
Бизнеске арналған онлайн қаржылық жоспарлау құралдарын ұсыну;
Аймақтық кәсіпкерлер палаталарында тұрақты семинарлар мен жеке консультация беріліп тұруы тиіс.
– Жеке тұлғалардың қаржылық мәдениеті мен шағын бизнес қаржылық дағдыларының арасында қандай байланыс бар?
– Бұл екі бағыт бір-бірімен тығыз байланысты. Егер азаматтың жеке қаржылық мәдениеті, сауаты төмен болса, ол бизнес жүргізуге кіріскенде сол қателіктерді қайталайды. Мәселен, жеке ақша мен бизнес ақшасын араластырады, резервтік қор құрмайды, қарызды жоспарламайды және тәуекелді бағаламайды.
Ал керісінше, халықтың жалпы қаржылық мәдениеті жоғарылаған сайын банктерге, инвесторларға деген сенім артады; бизнес жүргізу мәдениеті жақсарады; сауатты инвестиция жасау кеңейеді; шағын кәсіпкерлер тұрақты әрі ұзақ мерзімді жоспар құра бастайды. Демек, қаржы сауаттылығын білсең бизнестің де іргетасы берік болып қаланады.