Енді несие адамның табысына қарай берілуі мүмкін

Qaz365.kz редакциясы
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда қарыз алушының табысы мен қарыз жүктемесін салыстыратын жаңа талап – қарыз коэффициенті енгізілмек. Бұл туралы Ұлттық банк тиісті міндетті норматив әзірлеп жатыр. Нормативтің мемлекеттік тілдегі атауы – «қарыз алушының кірісіне қарыз коэффициенті», деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Қаржылық сауат Telegram арнасына сілтеме жасап.

Мамандардың түсіндіруінше, қарыз коэффициенті – азаматтың табысына шаққандағы қарыз көлемін көрсететін өлшем. Яғни банктер несие рәсімдер алдында қарыз алушының ай сайынғы табысын, қолданыстағы кредиттерін және қаржылық мүмкіндігін есептеп, оның қарызды өтей алу қабілетін бағалайды.

Ұлттық банк бұл норманың негізгі мақсаты – азаматтардың артық қарызға батуының алдын алу және банк жүйесінің тұрақтылығын күшейту екенін атап өтті. Соңғы жылдары қазақстандықтардың несие алу көрсеткіші айтарлықтай өсіп, қарыз жүктемесі көбейген.

Әзірге бұл коэффициент тек бақылау режимінде қолданылып жатыр: реттеуші халықтың табысы мен қарыздары туралы мәлімет жинап, кейін нақты шектеу енгізу үшін статистика қалыптастырып келеді. Қарыз беру ережесін бекіту және міндетті түрде орындауды талап ету құзыреті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тиесілі.

Жаңа талап енгізілген жағдайда:
– азаматтар табысына сай несие алады,
– банктер қарыз портфелін қауіпсіз басқарады,
– қаржы жүйесінің тұрақтылығы артады.

FinTech компаниялары жүргізген зерттеу қазақстандықтар арасындағы тұтынушылық қарыз мәдениетінің әлсіз екенін көрсетті. Зерттеу нәтижесі бойынша:

– халықтың 30% несиенi айлық жетпегендіктен алған,
– 16,7% — үйге қажетті заттарды алу үшін,
– 31,4% — жеңілдіктер мен акциялар кезінде «арзан кезде алып қалайын» деген ниетпен несие рәсімдеген.

Нәтижесінде несие алғандардың 55,9%-і қарызды уақытында жабуға қиналған.

Экономистердің пікірінше, табыс пен қарыздың арақатынасына бақылау күшейту елдегі қаржылық тұрақтылықты арттыруға көмектеседі.