Ұлттық банктің соңғы зерттеуі Қазақстандағы микрокредит нарығының шынайы бет-бейнесін әшкереледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) 30 000-нан 100 000 теңгеге дейінгі аралықта қарыз алады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Қаржылық сауат» Telegram арнасына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл қаражат бизнес бастауға емес, негізінен азық-түлік, дәрі-дәрмек немесе пәтерақы сияқты күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады. Ең алаңдатарлық мәселе – қарыз алушылардың «жасаруы». 18-25 жас аралығындағы жастардың үлесі күрт өскен. Олар үшін мобильді қосымша арқылы «екі батырманы басып» картаға ақша түсіру оңай шешім көрінгенімен, қарызды қайтару процесі үлкен қиындықтар тудыруда.
Сараптамаға сәйкес, қарызды қарызбен жабу халық арасында үйреншікті әдетке айналған. Бір адам бір жылда орта есеппен 8-10 рет займ рәсімдейді. Микрокредит алғандардың 70%-дан астамы мойнындағы берешегін құтылу үшін басқа микроқаржы ұйымына жүгінетінін мойындаған. МҚҰ-лар жарнамада күндік сыйақыны 0,3% деп көрсеткенімен, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 56%-ға дейін жетіп, тұтынушыны қаржылық тығырыққа тірейді.
Мамандар кез келген несиелік келісімшартқа қол қоймас бұрын құжаттағы ЖТСМ көрсеткішіне мұқият қарауды ескертеді. Қаржылық сауаттың төмендігі мен бюджетті жоспарламау азаматтарды «қарыз қақпанына» түсіруде. Тұрмыстық тауқыметтен шығу үшін МҚҰ-ға жүгірмей, алдымен күнделікті шығындарды оңтайландыру ұсынылады.