Қазақстанның орнықтылық қоры «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы айналасындағы күмәнді делдалдар мен алаяқтық әрекеттердің жиілеуіне байланысты азаматтарға шұғыл ескерту жасады. Қордың мәліметінше, үшінші тұлғалар сыйақы үшін онлайн-кезекті «жеделдетуді» немесе несиенің мақұлдануына «кепілдік беруді» ұсынып, тұрғындарды алдап жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі таңда бағдарламаға қатысушы банктердің басым бөлігі өтінімдерді қабылдаудың толық онлайн форматына көшкен. Онлайн-кезек автоматты түрде қалыптасатындықтан, оған банк қызметкерлері немесе сыртқы делдалдар тарапынан қандай да бір манипуляция жасау техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан кез келген ақылы «көмек» ұсынысы жалған қызмет болып табылады.
Сондай-ақ, Қор құрылыс компанияларының сату бөлімдеріндегі менеджерлер тарапынан орын алуы мүмкін заңсыздықтарға назар аударады. Егер қызметкерлер пәтер таңдау немесе ипотека рәсімдеу үшін жеке сыйақы талап етсе, бұл туралы тікелей компания басшылығына хабарлау ұсынылады. Бұдан бөлек, алаяқтар Қор атынан WhatsApp мессенджері арқылы зиянды сілтемелер таратуды жиілеткен.
Қазақстанның орнықтылық қоры өз қызметкерлерінің жеке тұлғалармен мессенджерлер арқылы ешқашан байланысқа шықпайтынын қатаң ескертеді. Егер сіз осындай алаяқтық фактілерге тап болсаңыз немесе күмәнді хабарлама алсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз қажет. Барлық ресми сұрақтар бойынша +7 (727) 277-20-25 нөміріне хабарласуға болады.