Өйткені Димаштың өзінің харизмасы бар
Бүгін қазақтың «қарлығаш көмей» әншісі Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толып отыр. Мерейтой алдында әнші Kazinform.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртасқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мен, біріншіден, Димаш Құдайбергенге мың да бір рахмет айтамын. Бүкіл жер жүзін аузына қаратқан, қазақ үніне телмірткен адамға бас июіміз керек. Жас болса да бізден жолы үлкен. Ешбір әншіміз дәл ондай жетістікке жетіп көрген жоқ. Өйткені Димаштың өзінің харизмасы бар. Сахнаға шыққанда өте бір қуатты энергиясы бар. Ол айтатын әндердің мәнін түсіну үшін табынушылары қазақтың тілін үйреніп жатыр. Соның өзі үлкен дәреже ғой.Бірде маған бір өзің сияқты тілші келіп Қайрат Нұртас деген әнші мен Димаштың қайсысы шын өнерпаз деген сұрақ қойды. Мен оған Димаш әнші, ал Қайрат сияқтылар орындаушы екенін айттым. Журналист Димашты санаулы адам тыңдайтынын, ал Қайрат Нұртастың әніне бүкіл жастар билейтінін айтып қарсы уәж келтірді. Димаш пен эстрадада жүрген Қайраттардың арасы жер мен көктей дедім. Димаш – көкте, Қайрат сияқтылар жерде, - дейді «Қазақтың бұлбұлы».