Жоғары мәртебелі мейман тосынсый күтіп тұрғанын білмеген
Қазақстанға ресми сапармен келген Словения президенті Наташа Пирц-Мусарсалтанатты қабылдау рәсімінде Димаш Құдайбергеннің өнер көрсететінін естіп, қуанышын жасыра алмаған. Ол танымал әншінің фанаты болып шықты. Бұл туралы журналист Әділ Балтабаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналист Әділ Балтабаев Telegram-дағы арнасында Словения президенті мен Димаш Құдайбергеннің кездесуі туралы жазды.
Балтабаевтың айтуынша, шағын құрамда өткен келіссөзде Наташа Пирц-Мусар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әнші Димаш Құдайбергеннің фанаты екенін айтқан.
Алайда жоғары мәртебелі мейман тосынсый күтіп тұрғанын білмеген.
"Шын мәнісінде салтанатты қабылдау рәсімінде оның кумирі өнер көрсететін еді. Бұны естіген Словения президенті қуанышын жасыра алмады, тіпті сене алмай, бірнеше рет сұрады.
Қабылдау кезінде Мусар Димаштың қолын алып, оның концертінде болғанын айтты. Димаш мұны естігенін айтып, ілтипат білдіргені үшін алғысын жеткізді", - деді журналист.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанға ресми сапармен Словения президенті Наташа Пирц-Мусар келді. Оны Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз болды.