Байқауға облыстың әр ауданынан келген 22 асаба қатысып, үш сағат бойы өнер көрсеткен
Өскеменде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған форматтағы ерекше шара – «SHOWMEN FEST 2025» облыстық фестивалі өтті. Креативті индустрияны дамытуға бағытталған фестиваль асабалар мен шоу-мендерге арналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Фестиваль алдында қатысушыларға белгілі event-сарапшылар – кәсіби жүргізуші әрі «Меховая 8/1» тобының солисі Қабдол Тілеков, әзілкештер Айбат Никулин мен Данияр Батырбаев шеберлік сабақтарын өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қазіргі той бизнесіне тың серпін беріп, жүргізушілердің мәдениетін жаңа деңгейге көтеру. Фестиваль беташар айтушылар сайысымен басталды. Бұл бөлімде Абылайхан Бақытұлы, Алпыс Жақиянов, Нұржан Қасенов сынды өнерпаздар өз шеберліктерін ортаға салды.
“Беташар – келінге тек туыстарды таныстырып қана қоймай, қазақы тәрбиені жеткізетін терең мазмұнды дәстүр. Асабалар тек көңіл көтеру емес, тәрбиелік бағытта да жұмыс істей алуы керек, – дейді қазылар алқасының мүшесі, әнші Әділ Тұрғанбаев.
Негізгі байқауға облыстың әр ауданынан келген 22 асаба қатысып, үш сағат бойы өнер көрсетті. Қазылар шешімімен:
- «Ең үздік шоу-мен» (500 000 теңге) – Зайсаннан келген Мәди Айтқабылов;
- «Үздік асаба» – Катонқарағайлық Нұржан Қасенов;
- «Үздік беташар» – Алпыс Жақиянов;
- «Көрермен көзайымы» – Риддерлік Ольга Бахрамеева;
- «Үздік импровизатор» – тағы бір зайсандық Мақсат Садықбаев атанды.
Жалпы облыста 150-ге жуық асаба мен беташар айтушы тіркелсе, байқауға соның ішінен 25-тен астам қатысушы іріктеліп алынған.
“Осындай маңызды шараның дәл Шығыс Қазақстанда өтуі – үлкен жетістік. Облыс басшылығына және мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз, – деді фестиваль қазыларының бірі, танымал жүргізуші Айбат Никулин.