«Айтқанымнан қайтпаймын, хитке айналған жоқ». Димашты сынаған Баян Мақсатқызының сіңілісі

Qaz365.kz редакциясы

Димаштың орындаған композициясы оның талғамына сай келмеген.

Stan.kz/коллаж

Бірнеше жыл бұрын отандық арналардың бірінде «Саз әлемі» атты бағдарлама болды. Сол бағдарламада өнер көрсеткен Димаш Құдайбергенді сынаған музыкант Бағым Мұхитденова әлі де сол пікірде екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол бұл туралы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты.

«12 жыл өтті, сонда да қоймайды, менің күлкім келеді. Ол жерде менің тұтас айтқан ойым емес, жай ғана бір сөйлем контексттен кесіліп, тарап кетті. Содан кейін жұрт мен Димашқа «жоғары ноталарда ән айтпа» дегендей қабылдады. Ал шын мәнінде мен дәл сол орындаған әнде айқайлап айту қажет емес екенін жеткіздім», – деді продюсер.

Бағым Мұхитденованың айтуынша, Димаштың орындаған композициясы оның талғамына сай келмеген.

«Ол орта деңгейдегі ән болатын. Мен үшін ол ән ешқашан жоғары деңгейдегі хит бола алған жоқ. Сол пікірімнен бас тартпаймын. Кешірім сұра дейтіндер бар. Неге екенін түсінбеймін. «Песни» деген конкурс болды. Онда әнші емес, әннің өзі сыналады. Біз де сол байқауда ән туралы пікір айттық. Димаш сол әнде артық дүниелер қолданды. Меніңше, оның таңдауы сәтсіз болды», – деді ол.

Продюсердің пайымдауынша, егер Димаш нағыз хитті таңдап айтқанда, ол туынды кең аудиторияны жаулап алуы мүмкін еді.

«Ол әлемдік деңгейдегі жұлдыз. Бұл талқылауға да жатпайды. Бірақ сол әні шын мәнінде керемет болғанда, хитке айналатын еді. Олай болған жоқ. Сондықтан менікі дұрыс», – деп түйіндеді Бағым Мұхитденова.

Айта кетейік, Димаш осы бағдарламада «Көркемім» атты әнді орындаған болатын. Ән аяқтала салысымен әділ қазы алқалары оны сынауға кіріседі. Сынаушылардың арасында Бағым Мұхитденова да болған еді.