Ол бала күтіміне байланысты демалысты ресімдеу процесінің күрделі екенін атап өтті.
Белгілі актриса әрі блогер Жұлдыз Әбдукәрімова алғаш рет ресми түрде декреттік демалыс рәсімдеп жатқанын жариялады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, қажетті құжаттарын көрсетіп, өзінің әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Актрисаның айтуынша, декретке шығу оңай шаруа емес – оған қажетті барлық құжатты жинау, ресімдеу және тиісті орындарға тапсыру көп уақыт пен күш талап етеді.
Алдымен өзіңді жұмысқа тіркейсің, өзіңе жалақы аударып тұрасың, одан бөлек әлеуметтік төлемдер мен салықтарды өтейсің - бұл күнделікті үйреншікті нәрсеге айналған. Бірақ жүктілікке байланысты берілетін «уақытша еңбекке жарамсыздық» парағын алғаш рет қолыма алып тұрмын, – деп жазды Жұлдыз.
Ол бала күтіміне байланысты демалысты ресімдеу процесінің күрделі екенін атап өтті. Түрлі құжаттар сұралып, олар мұқият тексеріледі, кей жағдайда бірнеше мекемеге баруға тура келеді екен.
Сан алуан құжат сұрайды. Әр бетін май шаммен қарап шығады. Сосын сұрақтың астына алады, ары-бері жүгіртеді. Қысқасы, декрет алу үшін де дәлелдеп жүресің, – дейді ол.
Бірнеше күн бойы мемлекеттік қызметтер мен құжаттарды рәсімдеумен айналысқан актриса бұл үдерістен кейін бір шетінен жеңілдеп, бір шетінен шаршағанын жасырмады:
Әйтеуір бәрін өткізіп, жер қопарғандай болып отырмын, – деп түйіндеді Жұлдыз Әбдукәрімова.