Әнші Сәкен Майғазиев "Дженифер Лопестің концертінің билетін сатып, пайда тауып жатыр" деген айыптауларға жауап берді
Сәкен Майғазиев Дженифер Лопес концерт өткізген кезде ауылда болғанын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлеуметтік желіде бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев Дженифер Лопестің концертін онлайн таратып, ақша тапқаны жөнінде әзіл-видео тараған еді. Алайда кейбір азаматтар бұған сеніп қалып, әншінің жеке парақшасына жазып, мазасын ала бастаған. Соған байланысты Сәкен Майғазиев түсіндірме бере кетуді жөн деп шешкен.
“Мен Джей Лоның концертін онлайн таратып қанша ақша таптым? Мұның бәрі қауесет. Бірақ астындағы пікірлерді оқып таңғалдым. “Мынау ақшадан өлген екен” деп жазып жатыр. Адамға олай қарғыс айту, жаман айту, ғайбаттау үшін қандай деңгей керектігіне мен әлі күнге дейін таңмын. Мен емес, басқа біреу сатқан күннің өзінде ол адамға неге жамандық тілеуіміз керек? Сен көргің келмесе көрме, көргің келсе көр. Екіншіден бұл жалған ақпарат. Джей Ло қайда? Мен қайдамын? Мен бес-алты күндей анамның қасында ауылда болып қайттым. Ауылда айнап-қунап, туған жерден қуат алдым. Алматыға қайтып келе жатып осы парақшаны көріп, таңғалдым”, – дейді ол.
Әнші ақпарат таратқандар сатира екенін ескертіп қойса да, көпшілік мұны түсінбеген. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, әншіні жамандай кеткен.
“Маған бұл әсер етпейді. Имани иммунитетім көтеріліп кеткен. Талай дүниені көргенмін. Елуді еңсергеннен кейін маған мұртым қисаймайды. Сондықтан, жүрегімізді тазалайық”, – дейді ол.
Сәкен Майғазиев Джей Лоның Қазақстанға келгенін жақсы бағалайды. Ішкі туризмге оң әсер етіп, Қазақстанның зайырлы әрі қауіпсіз елге айналғанын көрсетеді.
1 тамызда әлемге әйгілі әнші әрі актира Дженифер Лопес Астанада концерт өткізген еді. Содан бері шу толастамай тұр. 10 тамызда Джей Ло Алматыда концерт береді.