Әнші әр адам өз ісіне шынайы берілуі керек деп санайды.
«КешYOU» тобының бұрынғы солисі, әнші әрі актриса Кәмшат Жолдыбаева Instagram-дағы оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. Сұрақтар табыс пен ер азаматқа деген құрмет тақырыбында болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кәмшаттың бір оқырманы өзін әрдайым табысты адамдармен салыстыратынын айтып, мұндай әдеттен қалай арылуға болатыны жайлы кеңес сұраған.
Сізден жақсырақ, жасырақ, сұлу немесе табыстырақ адам әрқашан табылады. Егер барлық уақытыңыз бен назарыңызды біреуге өзіңізді дәлелдеуге жұмсасаңыз, өміріңіз көз алдыңыздан сырғып өте шығады.
Өз ісіңізге толық беріліп, ол сізді энергия мен қуанышқа бөлесе, айналаңыздағы адамдардың немен және қалай өмір сүріп жатқанын байқамай қалу – осы шынайы табыс, - деп сендірді әнші.
Сондай-ақ ол әйелдің ер адамнан бір саты төмен тұруына қатысты пікір білдірді.
Ешкім мәжбүрлегенді жақсы көрмейді. Ерін құрметтеуді тек міндет деп қана емес, шынайы ықыласпен орындайтын әйел бір саты емес, он саты төмен тұрса да, одан кеміп қалмайды, керісінше, одан да артық қадірлі болады, - деді өнер иесі.