Блогердің адвокаты көлік емес, курс сатқанын айтты
Астанада көлік ұтысына қатысты басы дауға қалған блогер Ерболат Жанәбіловтің ісі бойынша сот басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тергеу мәліметінше, ол Instagram-да заңсыз лотерея ұйымдастырып, көлік, ақша және сыйлықтар ұсынған. Адвокат Олег Черновтың айтуынша, клиентінің рұқсаты болмағанымен, ол ұтысты оқу курсы арқылы сатқан болып шығады.
«Заңда егер ұтыс тауар не қызметпен байланысты болса, ол лотерея емес делінген. Қазір мұнымен бәрі айналысып жүр, бірақ неге екені белгісіз, ерекше назар тек Жанабыловтарға ауды», – дейді қорғаушы.
Еске салсақ, жақында Ерболат Жанабылов пен әйелі Эльмира Төлегенова 11 көлік ойнатылатынын жариялаған. Алайда репостпен шектелмей, конкурсқа қатысу үшін 30 мың теңгелік «Zhana Business» курсын сатып алу міндеттелген. Бұл жұрттың ашуын туғызып, іс сотқа жетті.