Ол сынаққа төзе білу керектігін еске салды.
Әнші Қарақат Әбілдина қазір қоғамда кеңінен тараған ажырасу мәселесіне қатысты ой бөлісті, деп жазады Qaz365.kz.
Оның айтуынша, некеден кейін көп ұзамай айырылысып кететін жастардың көбеюі алаңдатарлық жағдайға айналды.
Жылдар бойы бір-бірін сыйлап, сезімін жоғалтпай, талай сынақтан бірге өткен отбасылар бар. Олар – көпке үлгі. Бірақ соңғы кездері «сүйдім-күйдім» деп шаңырақ көтерген жастардың бір жылға жетпей екіге кетуі жиілеп барады. Статистикаға қарасақ, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы үштікке еніпті. Бұл – ұлт үшін ауыр соққы. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің мәні осында, - дейді ол.
Өнер иесі бақытты отбасына айналу үшін сынаққа да төзе қарау керектігін еске салды.
Отбасын сақтау үшін төзім, түсіністік, кешірім мен мейірім қажет. Нағыз махаббат уақытпен сыналады. Өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткеріп, қиындықта да қолдағандар ғана отбасын сақтап қала алады. Әр шаңырақта дау-дамай болуы мүмкін. Бірақ шынайы сүйіспеншілік қандай жағдайда да берілмей, отбасы үшін күреседі, – деп жазды әнші.