Заңгер журналист пен белгілі актрисаның экс-күйеуінің үстінен арыз түсірген
Актриса Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевқа қатысты екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол Дариға Бадықованың заңды мүддесін қорғаушы өкілі ретінде Жылқышыбай мен Дарханның әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арызды Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне жолдаған. Оның айтуынша, Бадықованың бұрынғы жұбайы жеке және отбасылық өмірге қатысты құпияларды жариялап, заң бұзып отыр.
«Күйеуі мұны білмеуі мүмкін, бірақ журналистердің заңнан бейхабар болуы мүмкін емес. Баланы асырап алу — отбасылық және жеке өмірге қатысты құпия болып саналады. Бұл құпияны жария ету — ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу) және 146-бабы (Бала асырап алу құпиясын жария ету) бойынша жауапкершілікке әкеледі. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Отбасылық құпияны бұзу – бұл жай ғана әдепсіздік емес, нақты қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет», – деді заңгер.
Заңгер Бадықованы бұрыннан жақсы танитынын, оның ажырасу кезеңінде көптеген қиындық көргенін атап өтті.
«Осыған байланысты мен Дариға Бадықованың мүддесін қорғаушы ретінде Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне Дархан Мұсаев пен журналист Жылқышыбайдың әрекеттеріне қатысты ресми арыз жолдаймын», – деді ол.
Айгүл Орынбектің пікірінше, бұл жағдай тек жеке адамның ар-намысына емес, жалпы журналистік этика мен заң үстемдігіне қатысты мәселе.
«Журналист – ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Рейтинг үшін біреудің тағдырын талқыға салу — кәсіби абыройға көлеңке түсіреді», – дейді ол.