Дариға Бадықованың кезекті хиты: «Ыстық ұя» фильмі 1,7 млрд теңгеден астам касса жинады

Qaz365.kz редакциясы

«Ыстық ұя» — Бадықованың төртінші продюсерлік жобасы

Kinopark Theatres

Қазақстандық актриса әрі продюсер Дариға Бадықова түсірген жаңа туынды – «Ыстық ұя» фильмі прокатта үлкен жетістікке жетті. Rentrak жүйесі мен дистрибьюторлардың дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың 2 қазанынан 9 қарашасына дейінгі аралықта картина 1,7 миллиард теңгеден астам табыс жинаған. Бұл туралы Kinopark Theatres жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап.

«Ыстық ұя» – Бадықованың төртінші продюсерлік жобасы және үшінші миллиардтық табысқа жеткен фильмі. Ол барлық уақыттағы ең кассалы қазақстандық фильмдердің тізімінде екінші орынға шықты. Бірінші орында – Дариға Бадықованың өзі түсірген «Таптым-ау сені» фильмі. Бұл романтикалық комедия отандық кинодағы абсолютті рекорд иесі болып қала береді.

Kinopark Theatres PR-директоры Ерлан Бухарбаевтың айтуынша, Дариға Бадықованың табысы – қазақ киносы үшін ерекше құбылыс.

«Сынға жауап ретінде Дариға драма түсірді, және тағы да 100% көрермен көңілінен шықты. Фильм көп адам үшін шынайы эмоциялық терапияға айналды. Көрермендер залдан көздерінде жаспен шықты, пікір қалдырып, әлеуметтік желілерде алғысын білдірді. Ол нағыз халықтық хит түсіріп, өзін тек актриса емес, кәсіби продюсер ретінде де дәлелдеді. Қазір оның басты бәсекелестері — өз фильмдерінің өзі», – деді ол.

Фильмнің сюжеті Кореядан туған ауылына оралған Ғалияның өмірін баяндайды. Ол өз ақшасына салынған үйге келгенде, туыстары жылы қабылдағанымен, көп ұзамай отбасындағы жасырын реніш пен қайшылықтар ашылады.

Басты рөлдерде — Дариға Бадықова, Олжас Абай, Шамшагүл Мендиярова және Ержан Түсіпов.