Бай болсам, сол пәтерді өзім-ақ алып берер едім
Белгілі әнші Мақпал Ж8нісова әлеуметтік желіде үндеу жасап, танымал продюсер Баян Мақсатқызы мен оның жұбайы Тұрсын Алагөзовтен қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған, марқұм Арман Дүйсеновтің отбасына көмектесуін өтінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Желіде марқұм Арман Дүйсенов бауырымыздың жары Айсұлу ханымның «баспанам жоқ, далада қалдық» деп жағдайы туралы айтқаны желдей есіп тұр. Мұның бәрі біздің жүрегімізге батады. Мен миллионердің әйелі емеспін. Бай болсам, сол пәтерді өзім-ақ алып берер едім. Менде артық ақша деген болмайды. Әндетіп жүріп, концерт беріп тапқан табысымды өз отбасыма, анама, бауырларыма жұмсаймын”, – дейді әнші.
Мақпал Жүнісова Арманның отбасының жағдайын естіген соң, Алматы қаласының әкімдігінде істейтін азаматтармен сөйлескенін айтты.
“Қалай көмектесуге болатынын сұрадым. Бұрын әкімдіктің балансында пәтерлер болатын. Зәкең әкім болып тұрған кезінде Шерхан Мұртаза ағамыз келіп, телерадио корпорацияда істейтін, баспанасы болмай, 20-30 жылдап пәтер жалдап жүрген қызметкерлеріне 60 пәтер алып кеткенін естіген едім. Олжас Сұлейменов ағамыз да ақын-жазушыларға 20 пәтер бөлгізген екен. Өкінішке орай, қазір қалалық әкімдіктің қолында мұндай мүмкіндіктер жоқ екен”, – деді Мақпал ханым.
Танымал әнші Арман Дүйсеновтің отбасының басына түскен қиындықтан құтқарар бір адамның бар екенін де жасырмады.
“Ендігі менің сенетін бір адамым бар, ол – Баян Мақсатқызы. Өйткені Баянның жұбайы Тұрсын мырза миллионер, тіпті миллиардер деп айтар едім. Марқұм Арман бауырымыз, бір жағынан, Баянның жерлесі, Оралдың азаматы, екінші жағынан, көзінің тірі кезінде Баянның бірқатар жобаларына қатысып, мықты-мықты әндерін жазып, оранжировка жасап, тығыз шығармашылық байланыста, жақсы сыйластықта болған еді. Баянжан, өзіңе сенеміз. Жолдасыңмен ақылдасып, Арманның артында қалған отбасының баспана мәселесін шешіп береді деп сенгім келеді”, – деді әнші.
Сондай-ақ екі концертімнің ақшасын өзімнің үлесім ретінде қосуға уәде еткен Мақпал Жүнісова басқа әншілер үшін жауап бере алмайтынын жеткізді.