Алматыдағы Мақпал Жүнісованың концертіне келіп сөз сөйлеген Асқар Құлыбаев елдің наразылығын туғызды
8 наурызда Алматы қаласында Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Концертке қазақстандағы ең ықпалды миллиардер Тимур Құлыбаевтың әкесі Асқар Құлыбаев келіп сөз сөйледі. Оның сахнаға шығып, әуелі әншіні мақтап, артынша артық салмақ жайлы сөз қозғағаны жұрттың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сахнаға құттықтауға шыққан Асқар Құлыбаев атақты әнші Мақпал Жүнісоваға 10 келі салмақ тастауға кеңес берді.
«Әлі келіншек, жаңадан ғана келіншек болды. Енді 10 шақты келі тастасаң, қыздай боласың. Менің 60 жылдығымда қалай билегеніңді білесің бе? Қалай өлең айтқаныңды? Назарбаевтан басқаның бәрі аузын ашып қалғанын білесің бе? Ұмыттың ба? Соның бәрін қайталауға болады? Ол үшін өзіңді өзің ұстау керек. Тамағыңды жөндеу керек. Спортпен айналысу керек. Өлең ғана айту керек. Біздің халықтың жағдайы енді түзеле бастады. Балаларыңыз, қыздарыңыз оқи бастады. Біздің байлығымыз көп мемлекеттерде жоқ. Сол байлықты игеру керек. Жастар, сендерсіңдер... Ештеңеден қорықпау керек», — деді Асқар Құлыбаев.
Мақпал Жүнісова сөз сөйлеп тұрғанда оның сөзін бөлгісі келгенімен Асқар Құлыбаев дес бермей, даусын көтеріп сөйледі. Ол сөзін аяқтаған соң, Мақпал Жүнісова микрофонын алып:
«Сіз маған бұйрық бермеңіз. 30 жылда неге келмедіңіз? Маған қиын болғанда маған неге ақша бермедіңіз? Сіз бай адамсыз. Миллиардерсіз», — деді Мақпал Жүнісова.
Ар жағында тұрған Асқар Құлыбаев: «Мен миллионермін!» деді. Мақпал Жүнісова:
«Өтірік айтпаңыз», — деді де сахнадан ду қол шапалақпен Асқар Құлыбаевты шығарып салды.
Артынша әдемілеп өзінің салмағына қатысты Асқар Құлыбаевтың пікіріне жауап берді.
«Менің байға шығатын арманым жоқ. Менің фигурам өзіме ұнайды. Мына кісі өзі мені алғысы келіп жүр ғой деймін. 10 келі арықтаңыз деді ғой маған. Сіз алсаңыз да бармаймын. Ондай арманым жоқ. Аман болыңыз. Үлкен басыңызды иіп сахнаға шыққаныңызға рахмет!», — деді Мақпал Жүнісова.
Еске сала кетсек, 2011 жылы Ақтау халықаралық теңіз сауда портының акваториясында орналасқан мұнай терминалы Асқар Құлыбаев компаниясының меншігіне өткен еді. Алайда 2024 жылы осы құны 66 миллион доллар болатын мұнай терминалын Асқар Құлыбаевтың компаниясы мемлекет меншігіне қайтарды.
Айта кетейік, Асқар Құлыбаевтың ұлы Тимур Құлыбаев — тұңғыш президенттің күйеу баласы. Динара Назарбаеваның күйеуі Тимур Құлыбаевтың байлығы шамамен 5 миллиардқа жетеді. Олигархтың банк, мұнай-газ, жылжымайтын мүлік, өндіріс салаларында активтері бар.