Тап қазір қиналғанға қол ұшын созу ең басты парыз — Димаш су тасқынынан зардап шеккендерді қолдауға шақырды

Qaz365.kz редакциясы

Ол зардап шеккен азаматтардың бәріне мемлекет қолдау білдірер деп сенетінін жазды

© Sputnik / Владислав Воднев

Әнші Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккен отандастарын қолдап әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Ол зардап шеккен азаматтардың бәріне мемлекет қолдау білдірер деп сенетінін жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

— Наурыздың соңғы күндері күн күрт жылынып, Ақтөбе облысы аймағында және еліміздің тағы бірқатар өңірлерінде тез еріген қар суы қарқынды түрде сай-саланы толтырып,  автокөлік жолдарын шайып, бірнеше елдімекендерді су басыпты. Көптеген отбасылардың баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ Ақтөбе аймағында өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейінің көтеріліп, өзендердің арнасынан асу қаупі жоғары екен.
Мұның себеп, салдарын құзырлы мекемелер анықтап, мәселенің түйінін шешу жолдарын іздестіре жатар, — дейді ол.

Әнші мемлекет тарапынан үйлерін су шайып кетіп, далада қалған ағайынға толыққанды көмек көрсетілетініне сенім мол екенін атап өтті.

— Тап қазіргі сәтте қиналғанға қол ұшын созу ең басты парыз.
“От пен су - тілсіз жау” - қысылтаяң сәтте бауырларымызға қол ұшын созып, бірлігімізді көрсетейік, ағайын! — деп жазды Димаш.

Айта кетейік Қазақстанның бірнеше облысының халқы бұл күнде су тасқыны азабымен алысып жатыр. Тұтас ауылдарды, елдімекендерді су басып қалған.