«Масқара болдық»: Танымал әнші әйелін ұрып-соқпағанын айтып, коучтарды кінәлады

Qaz365.kz редакциясы

Блогер әйел әлеуметтік желідегі парақшасында әншінің ұрған сәтінен видео жариялаған еді

Фото: әлеуметтік желіден

«Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлы бұрынғы әйелі Нұрилла Ақбергеннің айыптауына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Блогер әйел әлеуметтік желідегі парақшасында әншінің ұрған сәтінен видео жариялаған еді. Сондай-ақ отбасылық өміріндегі 7 жылда тұрақты түрде ұрып соққанын айтқан. Әнші бұрынғы әйелінің мәлімдемелерін жоққа шығарып, өзінің байқаусызда ғана қолы тиіп кеткенін айтып, мән-жайды түсіндірді.

«Кешегі желіде тарап жатқан видеоға қатысты айтайын: мен 3 бала тәрбиелеп отырған адаммын. Екі қыз, бір ұлым бар. Бұрынғы әйеліммен күзде ажырасқанымызға 2 жыл болады. Бір видео салыпты, сол видеоға қатысты ойымды емес, бар шындықты айтамын. Өзім зорлық-зомбылыққа қарсымын. Зорлық-зомбылыққа әйел де, ер де, бүкіл әлем қарсы. Өзім де екі қыз тәрбиелеп отырмын. Ажырастым деп айтуға ұялып жүрген адам едім. Оқиға былай болған еді: мен көліктің рулінде отырдым, бұрынғы келіншегім жанымда отырды. Бір кезде ұрыс басталып, «истерика» жасай бастады. Тоқтат, қой деп, ашумен қолымды сілтеп қалдым. Мұрнына саусағым тиген соң, мұрны қанап кетті. Жұдырығым тиген жоқ», – дейді ол.

Әншінің айтуынша, аталмыш оқиғаның болғанына 3,5 жыл уақыт болған.

«3,5 жыл бұрын болған оқиға. Ол видеоны түсіріп алғанын да білмеймін. Кейін үйге бармаймын деген соң, өзінің онлайн дүкенінің қасына тастап кеттім. Кейін ол мұрны ауырып, клиникада екенін айтты. Менің балдызым бірге жүр. Сол жерде балдызымнан кешірім сұрап жүрмін, ұят-ай. Оқыс оқиға болды, мен ұрған жоқпын. Бірақ қолым тигені рас. Одан кейін бір-бірімізден кешірім сұрап, жақсы өмір сүріп кеттік», – дейді ол.

Өнер иесі мұндай жағдайға тап болуына коучтардың ықпал еткенін жасырмады.

«Ол менің балаларымның анасы, екеуміз қосылайын деп жатқан жоқпыз. Туысқан, әке-шешеден ұят болды. Масқара болдық. Коуч, психолог-сымақтардың кесірінен болып жатыр. Өзіңді күт, бағала, «самооценкаңды көтер» дегеннен болып жатыр», – дейді ол.