Бұған дейін арнадағы бағдарламада Бауыржан Момышұлының басы кесілген денесінің кескіні көрсетілген
Отандық «El аrna» телеарнасындағы «Қыздар мен жігіттер» бағдарламасында Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқан Бауыржан Момышұлын келемеж еткені әлеуметтік желіде шу болған еді. Осыған қатысты телеарна жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«El аrna-да» жүріп жатқан «Қыздар мен жігіттер» бағдарламасының үзіндісі әлеуметтік желілерде тарап, көрермендер екіжақты пікір білдіруде. Бағдарлама форматын түсінбей жатқандар болғанмен, көпшілік жастарға арналған жаңашыл жоба деп қолдау білдіруде. Жоба форматының әлем бойынша балама түрлері өте көп, сипаты жағынан кеңінен тараған бағдарлама. Біздің арнадан сәуір айынан бастап шығып келеді. Осы аралықта көрерменнің көзайымына айналып, әлеуметтік желіде де, жақсы қабылданған. Бағдарлама қыздар мен жігіттер арасында ойналатын алты ойыннан тұрады. Ойындар ішінде зияткерлік, ойын-сауық, әрі тапқырлыққа құралған бағыттар бар. Бағдарлама жастарға арналғандықтан, аталмыш ойындарға мән-мағына беру мақсатында, әрі жастарға ұлы тұлғаларымызды дәріптеу үшін «Мен кіммін» атты ойын қарастырылған», – делінген арнаның жауабында.
Арна басшылығы бағдарламада көрсетілген ойынның дұрыс мақсатта, игі ниетте ойыластырылған деп отыр.
«Ойын шарты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын және өзге де танымал тұлғаларды мазақ ету мақсатында емес, дәріптеу үшін болғанын басымдық беріп айтамыз», – делінген жауапта.
Бұған дейін арнадағы бағдарламада Бауыржан Момышұлының басы кесілген денесінің кескіні көрсетілген. Оның басының орнына өз басын қойып, Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанова тұрған.
Шоу-бизнес өкілдерінің ерсі әрекетін Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қатты сынға алып, наразылығын білдірді.