Димаш Құдайбергеннің Түркістан облысына не үшін барғаны белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Димаш артынша Ақтау қаласына ұшып кеткен

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Димаш Құдайберген «Айдаһардың апанында» атты клип түсіріп жатыр. Әлем мойындаған әнші кезекті бейнебаянына қажетті локацияны Түркістан облысынан тапқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ел арасында «Ақмешіт» аталатын үңгірді «Айдаһардың апаны» деп те атайды. Аңыз бойынша ерте заманда бұл үңгірде айдаһар мекен еткен. Тылсым мен ғажайыпқа толы табиғи үңгірге келетін туристер өте көп. Көрікті мекенді әнші де таңдап отыр. Қандай әнге түсірілетіні белгісіз. Әнші Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мен қаланың басқа да көрікті жерлерін түсірмек.

Димаш Құдайберген Түркістан қаласына келіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы кездесіп, құрмет көрсеткен.

– Еліміздің атын әлемдік аренада танытып жүрген өзіңіздей өнер адамын өз өлкемізде көргеніме қуаныштымын. Сіздің бұл сапарыңыз – облысымыздағы руханият саласына, өңір туризмін дамытуға зор серпін береді деп ойлайды. Қазіргі таңда, өңірде руханият саласында бірқатар бастамалар қолға алынып, жүзеге асуда. Республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар – өңірімізге туристердің, қадірлі қонақтардың келуіне себеп болуда. Солардың бірі – «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Биыл 5-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауда әлемнің 20-ға жуық елінен өнерпаз қатысып, қазақ әндерін шырқайды. Осы байқау барысында әлемнің қай елінде болмасын әншілердің Сіздің орындаған әндеріңізге деген қызығушылығы басым екендігі байқалады. Бұл – біз үшін қуаныш әрі зор жауапкершілік, – деген облыс әкімі халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауына құрметті қонақ болуға шақырды.

Әнші өз сөзінде Түркістанның рухани орталық ретінде қарыштауына таңданысын жеткізіп, өңір басшысына алғысын жеткізді.

– Түркістанның жаңа кейпіне, өзгеріске таң қалдым. Ұнап жатыр барлығы. Ес білгелі алғаш рет келуім, ерекше әсер алдым. Елдің осындай әдемі шаһарда тұрып жатқанын, еңсесі көтеріліп жатқанын көргенімен қуанып отырмын. Түркістан бүгінде түркі әлемінің туристік астанасына айналып, дүние жүзіне танылып жатыр. Ең бастысы еліміз тыныш болсын! Қалаларымыз әлемге танылып, халқымыздың дүниетанымы, руханияты көкжиегі кеңейе берсін! – деді Димаш Құдайберген.

Димаш артынша Ақтау қаласына ұшып кеткен.