Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің кәмелетке толмаған қыздың некесіне қатысты тараған ақпараттарға түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақпаратты басқарманың ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы таратты. Ақтау қаласында кәмелет жасқа толмаған қыздың некесіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі төмендегіні мәлімдейді:
«Неке қию рәсімі мешітте болмағаны анықталды. Мешіт имамдары кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған. Мешітке келіп, құлшылық үйін аралауға, ауласында суретке түсуге шектеу қойылмайды. Жастардың мешітке келіп, естелікке суретке түскені белгілі болды», – дейді ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған «Мешіт имамдарының неке қию тәртібі» құжатына сәйкес отбасы құрғысы келетін азаматтар әуелі АХАТ бөлімі арқылы заңды некеге отыруы тиіс. Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері қатысуы міндетті. Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек. Олай болмаған жағдайда мешітте діни неке қиылмайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Абай Бегейдің тоғызыншы сынып бітірген қызы күйеуге тигені жайлы ақпарат тараған еді.