“Жобаға қатысқан әншілерге ақша төленуі керек”: Керімбекованың продюсермен дауына Түсіпбаева араласты

Qaz365.kz редакциясы

Күзгі маусымда Qazaqstan ұлттық арнасы әнші-актерлердің қатысуымен бір шоу-бағдарлама ұйымдастырады

Фото: instagram.com/meruert_tusupbaeva

Әнші Ақбота Керімбекова инстаграм әлеуметтік желісінде Ұлттық арна жайлы айтып, басшысына ықыласын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Менің үндеуім түнгі бірге таяу шықты. Ал оқиға түстен кейінгі уақытта орын алды. Еститін сөзді сол уақытта естідім. Ал енді түнгі бірде үндеу жариялауға дейін тоқтатып тұрған бір нәрсе болса, ол – Ұлттық арнаға деген құрметім мен махаббатым еді. Мені ең бірінші ел алдына шығарып, насихаттаған бір арна болса, ол – Қазақстан телеарнасы. Сонау жас күнімді, жас үнімді көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізген де осы арна! Содан қалай аттап кетейін?..» - деп жазды әнші сторисінде.

Ол сонымен бірге корпорацияға қарасты «Абай ТВ» арнасы ұлт музыкасына музыкалық арналар жасай алмаған еңбекті жасап келе жатыр деп сынады. 

«Мен сол арнаның да көрерменімін. Дегенмен, Динаражанның әрекеттері менің сабырымды тауысып жіберді. Істеп жатқан әрекеттері мүлде ақылға қонбайды. Әлі де кеш емес, менің үндеуіме жазылған халық пікірі – арнаның жұмысына берілген баға. «Маман жоқтығынан Украина, Ресейден режиссер жалдауға тура келеді» депті. Сонда Жүргенов атындағы өнер академиясы, «Шабыт», тағы басқа университеттер не үшін режиссер мамандығын оқытып жатыр? Соларға ұлттық арна тапсырыс беріп, телевизия режиссерін дайындатса болмай ма!? Менің өкпе-назыммен емес, халықтың пікір-уәждерімен айналысып, оң шешім шығарыңыздар! Қалған шаруамды шешіп алуға өз шамам жетеді. Таңнан кездесуге шақырып жатқан Ләззат Танысбай ханымның ықыласына да алғыс білдіремін! Бұл арна – ешкімнің меншігі емес. Ұлтпен санасып еңбек етіңіздер!» - дейді ол.

Әншінің бұл сөзіне қатысты әріптесі Меруерт Түсіпбаева пікір білдірді.

«Бүгін Ақбота Керімбекова үндеу жолдаған екен. Осы үндеуге, оның әр сөзіне қосыламын. Шын мәнінде кейбір продюсерлер өзін Құдай сияқты, ал әртістерді құл сияқты көреді. Ол біздің мемлекетте бар және тендерге қатысты мұның барлығы айтылмай жүрген ақиқат. Сол үшін Ақботаға респект. Жағдай өзгерсе дейміз. Барлық жобаға қатысқаны үшін, шоуларға қатысқаны үшін әртістерге ақша төленсе екен. Өйткені Ресейде тіпті эксперт болып отырған, жай бір танымал емес адамдардың барлығына қаржы бөлінеді. Сондықтан әділеттілікті қолдаймыз. Ақботаға қосыламыз», - дейді ол.

Жылда күзгі маусымда Qazaqstan ұлттық арнасы әнші-актерлердің қатысуымен бір шоу-бағдарлама ұйымдастырады. Атауы әр түрлі болғанымен, сарыны бірдей. Бұрын «Егіз лебіз» болса, бұл жолы «Жұлдызды жұп» деп аталады. Бағдарлама басталмай жатып, шу шықты. Белгілі әнші Ақбота Керімбекова әлеуметтік желіде корпорация басшысы Ләззат Танысбайға үндеу жасаған еді. Әнші жоба жетекшісі Динара Адам өзіне «Хочешь, уходи на х*р из этого проекта» деген сөзінің аудиосын жариялаған. 

Көп өтпей Qazaqstan ұлттық арнасы белгілі әнші Ақбота Керімбекованың «Жұлдызды жұп» жобасына қатысты базынасына жауап берді. Арна Ақбота Керімбекова келіп түскен қонақүйде оған арналған нөмір бос болмай шыққанын жазған.