«Леңгірді жек көрдім». Танымал блогер әкесін атып, досын бауыздап кеткенін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Тіпті, бала күнімізде түрмеге түсуді армандайтынбыз

Ашық дереккөздерден

«Жайдарман» арқылы танылып, кейін асаба, блогер болған Елдос Кәдірханов балалық шағы туралы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол «Taboo» бағдарламасында қонақта болып, жан сырын ақтарды. Айтуынша, әкесі ет сатумен айналысқан. 

«2001 жылы жағдайымыз енді көтеріліп келе жатқанда, әкемнен айырылып қалдық. Оңтүстіктегі Леңгір ауданын кішкентай кезімізден жек көріп өстік. Қанды оқиға сол ауданда болған еді. «Сол жақта ет бар, бар ақшаңды алып шық» деп хабарласады. Әкем ешқашан рөлге отырмаған адам. Үнемі досы жүретін. Серіктестері шақырып алады. Ол кезде “жигули” маркалы машинасы болатын. 500 мың теңгені үйден алып шықты. Жолда кетіп бара жатқанда, артта отырған орыс досы әкемді атып, досын бауыздап тастайды. Одан кейін машинаны өртеп, жырадан лақтырып жіберген. Біздің әулеттегі адамдардың денесінде тыртық болатын. Әкемді сол тыртығынан таныды. Менде және немере әпкелерімізде бар еді. Әлі күнге дейін 500 мың теңге үшін өлтіріп кеткені жанға батады. Өмірден тым ерте кетті»,– дейді Елдос.  

Анасы 33 жасында екі баламен жесір қалады. Әкесінің досының төрт баласы бар екен. 

«Қазір араласып тұрамыз. Тіпті, бала күнімізде түрмеге түсуді армандайтынбыз. Әкелерімізді өлтірген адамдар 26-28 жылдарға сотталды. Соларды көріп, кек алуды ойладық. Әкем қайтқаннан кейін, анам бірден намаз оқып кетті. Соңғы сәт көз алдымда. Әкем ауладан шығып тұрып, «Сендер аналарыңа, сен балаларға қара» деді. Содан қайтып оралмады. Әкемнің сүйегіне анам өзі кірген. Ешкімнің батылы жетпегендіктен, анам кіріп, әкемді жуындырды. Талай қиындықтан өтті. Көшеде келе жатып, ұрыларға да кездесті. Сол кезде анам сөмкесін, әмиянын ешқандай қарсыласпай беріп жіберіп, екі баласын бауырына басып жылады. Анамызды қорғай алатын дәрежеге жетейікші деген мақсатпен өстік», – деді блогер.