Жер-жерде шүлен тарату басталды
Танымал эстрада жұлдызы Ақбота Керімбекова Республика күнінде марапаттың астында қалған әріптестеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жер-жерде шүлен тарату басталды. Құдай-ау, не деген атақтар анау?! «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет», «Парасат», «Даңқ». Қазақта сөлкебайға телінбеген сұмдық сөздер қалды ма екен өзі?! Жылына осы атақтарды бәлен жүз адам алады екен. Ала берсін. Бірақ мемлекет жағдайы сонша ерен еңбек жасалынғанға ұқсай ма?!, - дейді әнші.
Бірақ әріптестері бұл пікірін дұрыс түсініп, көре алмай жатыр деп ойлап қалмасын деп айтты.
Үйдегілер кейде сұрап қалады «Әндетіп жүргеніңізге 30 жыл, мынадай мыңғырған атақтың біреуі сізге берілмей ме?» дейді. «Ай, айналайындар-ай, үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ. Үкімет те өзі үшін ән салмайтындарға бермейтін шығар?! Одан кейін атақтарды түгел алып шыққан кейбір адамдармен мені қатар қойып, халықтың алдына шығарса, халық бір де бір мемлекеттік атағы жоқ мені танып, құрметтеп кетуі мүмкін. Нағыз бақыт – сол» деп құтыламын. Ойым дұрыс шығар деп ойлаймын. Тағы шындығым үшін «көре алмай отыр» демесе екен.Айтпақшы, қазақ тарихынан да маңызды боп тұрған қазақ Tik-Tok-дағы легендалары неге алмаған? Неге бермейсіңдер?! Көре алмай жүрсіңдер ме? – деп жазды Ақбота Керімбекова.
Ол бұған дейін Tik-Tok арқылы танылған Мұрат Әбілдә Республика сарайының сахнасына шығып, ән айтқанына ренішін білдірген болатын.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында президент жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталған еді. Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілген болатын.