Мерзімсіз айырбастайды: Ұлттық банк 5 мың теңгелік банкнотаға қатысты мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

ҰБ мәлімдеме жасады

Фото: Ұлттық Банк

Қазақстан ұлттық банкі 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың және 2023 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Айналымда қатар жүру кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап барлық банк пен Қазпоштада 3 жыл ішінде, ал ҚҰБ филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайды. Айналымда қатар жүру кезеңінде жаңа үлгідегі және ескі үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып қалатынын, төлемдер мен аударымдар жасала беретінін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны сақталатынын және қабылдауға жататынын атап өтеміз. Ол банкноталардың барлығы ҚҰБ филиалдарында, Қазпоштада және еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында еш шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады», - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының дизайны өзгерген кезде айналымдағы ақша белгілерінің қатар жүру кезеңін ауыстыруға және белгілеуге қатысты жалпы тәртібі «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидаларын бекіту туралы» ҚҰБ-тың 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 228 Басқарма қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

«Заңды төлем құралы саналатын банкноталар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын еске саламыз», - деп хабарлады банк.