Қазақстандағы университет дәнді-дақылдардың өнімділігін арттыратын технология ойлап тапты

Qaz365.kz редакциясы

Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыратын тиімді жолдың бірі – өсімдікті химиялық жолмен қорғау

Фото: Satbayev.university

Сәтбаев университетінде ауылшаруашылық дақылдарын биологиялық қорғауға және өнімділігін арттыруға арналған технологиялық өнім әзірленіп жатыр. Гумин негізіндегі отандық өнімді алдағы уақытта далалық жағдайда зерттеу жұмысы күтіп тұр. Тың өнім жайлы Qaz365.kz тілшісіне Сәтбаев университетінің жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сана Қабдрахманова айтып берді.

Азық-түлік дағдарысынан қалай шығуға болады

Сана Қабдрахманованың айтуынша, жер бетіндегі халық санының өсуіне сәйкес азық-түлікті тұтыну мен ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру мөлшері де артып, бүкіл әлемде агроөндірісті жүргізу моделі өзгеріске ұшырауда. Ауыл шаруашылығына қажетті табиғи ресурстардың тапшылығы ғалымдар мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін азық-түлік дағдарысынан шығудың жаңа балама жолдарын іздеуге итермелеп отыр.

Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыратын тиімді жолдың бірі – өсімдікті химиялық жолмен қорғау екендігі мәлім. Оның дәлелі ретінде Қазақстанда жергілікті және республикалық бюджет есебінен ауыл шаруашылық жерлерін химиялық өңдеуге арналған пестицидтерге субсидия мөлшерінің артуына келтіруге болады. Оның басты себебі - пестицидтерді қолдану көлемі мен ауылшаруашылық дақылдары өнімділігінің артуы арасындағы байланыс, яғни пестицидті қолдану артқан сайын, өнім алу көлемі де артады. Алайда өсімдікті химиялық жолмен қорғау әдісі ішіндегі үлесі жылдан жылға артып келе жатқан аса қауіпті пестицидтерді пайдаланудан адам мен жануарлардың денсаулығы мен қоршаған ортаға төнетін қауіпті азайту бүкіл әлем алдында тұрған өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан азық-түлік жүйесінің қоршаған ортаға әсерін азайтудың негізгі тенденциясы «Жасыл келісім» мен Тұрақты даму мақсатының маңызды бөлігіне айналған.

Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы дақылдарын биологиялық жолмен қорғау – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қол жеткізудің жаңа да баламалы әдісі ретінде әлемдік деңгейде басымдылыққа ие болуда.

Өсімдікті қорғаудың биологиялық түріне өсімдік ауруларының алдын алатын және қорғайтын фитопротекторлық, сонымен қатар биологиялық ынталандырушы әсері бар арнайы микроорганизмдер, тірі культуралар жатады. Өсімдікті химиялық жолмен қорғау үлесін азайтудың тағы бір түріне органикалық егіншілікке арналған тыңайтқыштар өндірісін, атап айтқанда өсімдіктің стресске төзімділігін, өнімділігін арттырып, фитосанитарлық қауіпсіздікті кеңінен қамтамасыз ететін гуминдік заттарды пайдалану жатады.

Қазақстанның тың технологиясы

Осы орайда, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ғалымдары жергілікті және арзан шикізатты пайдалана отырып, BR24993105 «Аграрлық өнімдер мен технологияларды әзірлеу және коммерцияландыруға арналған биотехнологиялық R&D орталығын құру» нысаналық бағдарламалық қаржыландыру ғылыми жобасын іске асыруда. Оның аясында ауылшаруашылық дақылдарын биологиялық қорғауға және өнімділігін арттыруға арналған гумин негізіндегі отандық өнім өндіруді Алакөл кен орны қоңыр көмірі мен құс фабрикаларынан алынған құс саңғырығынан синтездеуде.

«Гуминдік зат құрамында өсу стимуляторы және микротыңайтқыш ретінде өсімдіктерге кешенді әсер ететін гумин қышқылы мен фульво қышқылы көп мөлшерде кездеседі, сонымен қатар аталмыш зат топырақтың құрылымын, буферлік және ион алмасу қасиеттерін де жақсартады. Гумин топырақтағы ластаушы заттарды сіңіріп, олардың өсімдік бойына өтуге жол бермейтін қорғаныс қызметін атқарады. Гумин қышқылын қолдану – өсімдіктің тыныс алу үрдісі, фотосинтез және су алмасу қарқындылығын арттырып, хлорофилл мен аскорбин қышқылы концентрациясының жоғарылауына ықпал етеді. Зерттеу нәтижесінде алакөл көмір кен орынынан алынған гумин шығымы жоғары екендігі анықталып, көмірді алдын ала өңдеуде тұз қышқылы тиімді екендігі белгілі болды», – дейді профессор Сана Қабдрахманова.

Зертханалық жағдайда анықталған гумин қышқылының сояның өнуі мен өсуіне әсері жоғары болып, соя тұқымының өнімділігі 70%-ға артқан. Алдыңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері гумин қышқылын қолдану нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі орта есеппен 30–90%-ға арттыратындығын анықтаған. Ендігі кезекте ғалымдардың алдында алынған гумин өнімін далалық жағдайда зерттеу жұмысы күтіп тұр.

Аталмыш бағдарлама аясында ауыл шаруашылығын басқарудың инновациялық әдістері мен технологияларын енгізу, үй жануарларының жай-күйі мен даму жағдайын жақсартуға негізделген Tele-Ветеринариялық платформа құрылып, заманауи онлайн құралдарды пайдалана отырып, сапалы білім беруді ұйымдастыру, интерактивті вебинар мен курстар өткізу қолға алынған. Сонымен қатар, агроөндірістік кешен жұмыстарын сауатты ұйымдастыру үшін аталмыш платформа мемлекеттік деректер базасымен біріктіріледі. Биотехнологиялық R&D орталығында ауыл шаруашылық өнімдеріндегі улы компоненттердің құрамын бақылау арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің өзгеру динамикасын бағалап, деректер базасын құру қолға алынған.