Сарапшының айтуынша, ұлттық құндылықтарды балаға сіңіру – біртіндеп болатын дүние
Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер - сол ұлттың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен ана тілі екені анық. Ал жас ұрпақты осы ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – қашанда өзекті тақырып. Қазіргі білім беру процесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу қалай және қаншалықты жолға қойылған. Кез келген пән оқытылған кезде ұлттық құндылық мәселесі ескеріле ме? Бұл тақырып турасында Qaz365.kz тілшісі білім сарапшысы Аятжан Ахметжанның пікірін біліп көрді.
Аятжан Ахметжанның айтуынша, ұлттық құндылық, дәстүр, тарих, мәдениет ұлттық мектепте оқушыға концептуалды түрде беру қарастырылған. Тәрбие процесінде, білім беру процесінде, бағдарламаларда, мектептің ішкі құрылымынан дизайнына дейін барлық жағынан қамтылған.
«Бізде оқушының үш жұрты деген ұғым бар. Олар: ата-ана, мектеп, қоғам. Қазақта жігіттің үш жұрты деген бар. Егер жігіттің үш жұрты ынтымақты болмаса, жігіттің шаңырағы берік болмайды. Екі жақта екі құдағи соғысып отырса, шаңырақ ортасына түседі. Тура сол сияқты оқушының үш жұрты бір бағытта, бір мақсатта тәрбиелегенде ғана ол берік болады. Сол үшін ата-ана мен мектептің арасындағы қарым-қатынас мәдениеті ұлттық дәстүрге, ұлттық мәдениетке, тілге құрмет бәрімізге талап ету тұрғысынан қалыптасқан. Бұдан тыс тәрбие процесінде әртүрлі іс-шара, ең негізгі ұлттық мерекелер – Тәуелсіздік күні, Наурыз мерекесі сияқты мерекелерде үлкен деңгейде атап өтілетіні, мектептің ішкі дизайны тек тарихи құндылықтармен, тілдік этно-мәдениеттік стильде жасалуы – мұның бәрі баланың қоршаған ортасының тәрбиесін қалыптастырса, мұғалім мен оқушы қарым-қатынасында тек қана қазақ тілінде сөйлеу, үлкеннің құрметі, кішінің ізеті мәселесі өте жоғары деңгейде жолға қойылған» - дейді білім сарапшысы.
Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды балаға сіңіру – біртіндеп болатын дүние. Сондықтан білім беру процесінде кез келген сабақ ұлттық құндылықтар негізінде берілу керек.
«Біз тәрбие мен білім беру процесі егіз ұғым деп қарастырамыз. Мысалы, «тәрбие - тұз, білім - тамақ» деп білеміз. Алдымен тұз жей алмайсыз, содан кейін тамақ жей алмайсыз немесе тамақ жеп алып, тұзын жей алмайсыз. Тұз тамаққа сіңген сайын, білім беру процесіне тәрбие соншалық сіңген сайын сіңімді болады. Сондықтан әрбір сабақ ұлттық құндылықтарға негізделіп берілу керек. Мысалы, химия сабағында қазақтың ауыз әдебиетіндегі химиялық түсініктемелер болу керек. Ол көп. «Күлді баспа» дегеннің өзі – химиялық ұғымнан шыққан дүние. Қазақтың «кірді кір кетіреді, майды май кетіреді, суды су кетіреді» дейтін ұғымдарының өзі полярлық молекулалар, полярсыз молекулалар деген сияқты химиялық түсініктемелер, физикалық, қазақ ұғымындағы математикалық өлшемдер деген сияқты дүниенің бәрін сабақпен байланыстырап беру керек», – дейді ол.
Ахметжанұлының сөзінше, әрбір дүниеге ұлттық ұғым мен ұлттық көзқарас тұрғысынан білім беріледі. Ол ұлттық мектеп концепциясымен жұмыс істеуде.
«Биологияда әрбір сабақтың мазмұнында қазақ неге сүйекті, әрбір ауруды атаған кезде «қылтамақ» деген сияқты атаулар қайдан шықты? Әрбір дүниеге ұлттық ұғым мен ұлттық көзқараспен қарау мәселесі бойынша білім беріледі. Ал әдебиет пен тарихты әу бастан қазақтың отарсызданған тарихи көзқарасымен беру керек. Келген тарихты, тарихи сананы тәуелсіз қазақтың санасымен ойлау мәселесіне негізделіп береді. Әр әдебиеттегі кейіпкер, тарихтағы әрбір оқиғаның негізі қалай болу керек деген сияқты, Алаш мұрасымен, Алашқа дейінгі, Түркі заманына дейінгі қазақы дәстүрдің, мәдениеттің ұғымдарымен беріледі. Яғни, гуманитарлық болсын, жаратылыстану пәндері болсын бәрінің негізгі өзегі – қазақ деген ұғыммен ұштастырылып беріледі. Бұл – балалардың жан-тәнімен ұлтты сүюіне мүмкіндік! Ұлттық мектеп деген тек ұран емес, ұлттық мектеп деген – идеология. Ұлттық мектеп – концепция! Сол концепциялық негізде жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ол.