Мектептердегі «фейс-бақылау» жүйесі өз мақсатын орындап жатыр ма?

Qaz365.kz редакциясы

Мектеп қауіпсіздігіне талап күшейді

Фото: ашық дереккөзден

Қазір қала мектептерінің көбі қауіпсіздік құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ондағы жаңашылдықтардың бірі – арнайы фейс-бақылау және турникет құрылғыларының орнатылуы. Аталмыш жүйе өз мақсатын қалай орындап жатыр? Бұл жөнінде Qaz365.kz тілшісі Алматы қаласы Медеу ауданындағы Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназия директоры Бауыржан Аиткаримовтың пікірін білді. 

Мектеп қауіпсіздігіне талап күшейді

Мектеп директоры Бауыржан Айткаримовтың айтуынша, мектептегі қауіпсіздік мәселесі қашан да басты назарда. Қауіпсіздікті бақылайтын турникеттер адамдардың кіруі мен шығуын тиімді бақылайды, рұқсатсыз кіруді болдырмайды және рұқсаты бар тіркелгендер ғана кіре алады.

«Мектепте бізде балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы фейс-бақылау (Face ID) бар. Турникеттер орналастырылған. Ол жерге балалар тек қана сол фейс-бақылау арқылы кіреді. Мұғалімдер де солай кіреді. Сырттан бөтен адам кіруге болмайды. Бұл – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған қаладағы ең үлкен шаралардың бірі. Содан кейін мектептің әрбір бұрышына кемінде 50-ден астам бейнебақылау қойылған. Камералардың барлығы қалалық Полиция департаментінде бақылауда», – дейді ол. 

Тегін тамақ кімдерге беріледі?

Сондай-ақ мектеп директорының сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бастауыш сынып оқушылары және аз қамтылған отбасылардан шыққан  балалар тегін тамақтанады.

«1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Әр тамақтың өзінің стандартына сәйкес балаларға денсаулығына пайдалы әрі құнарлығы мол өнімдер бекітілген. 5-11 сынып оқушылар арасында әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар тегін тамаққа ие бола алады. Қазіргі таңда ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Мектептің жанында ата-аналарды педагогикалық қолдау деген ұйым бар. Сол ұйымның аясында белгілі бір уақытта әрбір сынып ата-аналарын шақырып, тығыз байланыста жұмыс істейді», – дейді ол.

Оның айтуынша, бұдан бөлек Президент тапсырмасы бойынша тәрбие бағытында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» деген үлкен жоба қолға алынған. Онда тайға таңба басқандай бәрі жазылған. Осы бағдарлама аясында мектептегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар тәрбиеге қатысты барлық процесті жүргізеді. Бұл бағдарламаны негізге ала отырып, әртүрлі іс-шаралар, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 

«Мұғалімдер берген сабақтарына сәйкес еңбекақысын алады. Биылдан бастап министр шешімімен ең жоғарғы шебер деген санатқа ие болған ұстаздарға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі берілді. Мұғалімдердің 4 мыңға жуық шебер ұстаз Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болды. Бұл – осы уақытқа дейін қаншама жыл шәкірттеріне тәлім беріп, білім саласына өлшеусіз үлесін қосқан, зейнетке шығатын ұстаздың еңбегінің осылай бағалануы деген сөз», – дейді мектеп мүдірі.

«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі – 2000 жылдың 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру және ғылым саласындағы белсенді оқытушыларын және педагогика қызметкерлерін ынталандандыру мақсатында және моральдық өсу үшін тағайындалған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №1159 министрліктің қаулысы бойынша бекітілген марапаты.

«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі диаметрі 32 мм шеңбер нысанында қалыңдығы 2 мм мыс пен никельдің қорытпасынан дайындалады. Төсбелгінің беткі жағында Ыбырай Алтынсариннің бейнесі орналасқан. Бейненің астында «Ы. АЛТЫНСАРИН» деген жазу бар. Төсбелгінің артқы жағында «Педагогикалық қызметтегі табыстары үшін» деген жазу орналасқан.