Мұғалімдер сабақ кезінде жасанды интеллектіні қалай қолданады

Qaz365.kz редакциясы

№202 мектеп-гимназияның құрылғанына төрт жыл болған

Бүгінгі цифрлы технологиялар заманында білім саласына да өзгеріс жылдам енгізіліп жатыр. Мәселен, жасанды интеллект (ЖИ) білім ордаларына қалай әсер етіп жатыр? Оқу процесіндегі мұ¬ғалімнің рөлі қандай болмақ? Бұл тақырып турасында Алматы қаласындағы №202 мектеп-гимназиясы директоры Болат Жанайханды әңгімеге тартып, пікірін білдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Болат Жанайханның айтуынша, №202 мектеп-гимназияның құрылғанына төрт жыл болған. Мектептің негізгі мақсаты – оқушыларға саналы түрде оқуға үйрету, сапалы білім беру. Әсіресе, ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз, оған қоса оқушылар қосымша неміс тілі, француз тілі, кәріс тілі, түрік тілдерін меңгеруде. 

Балалардың функционалдық сауаттылығы төмен

«Өткен жылы Кореяның Ичхон провинциясының Чаншин деген университетімен меморандумға отырып, биыл сол жақта бес түлегіміз оқып жатыр. Оларға осы Алматыдағы өзіміздің мұғалімдер корей тілін үйретіп, одан кейін сол В2 деңгейінде Кореяда білім алуда. Қазіргі замандағы басты мәселе –  балалардың функционалдық сауаттылығы өте төмен. Олардың кейбірі оқыған дүниелерін өмірмен байланыстыра алмайды. Біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Мектепке биыл STEM оқу платформасын 800 мың теңгеге сатып алдық. Қазір сол STEM білім беру арқылы балалардың физика, химия, биология, информатика пәндерін біріктіріп, оқушылар жоба жасау арқылы білім алады. Тек қана бір пән емес, бірнеше пәннің негізінде жобалар жасап, жоба арқылы оқытуды қолға алдық», – дейді мектеп директоры.

Сонымен қатар Болат Жанайхан 2 млнға сатып алған edu.com деген компания жайлы да айтып өтті.

«Оқушылардың білімін арттыру мақсатында Бірыңғай ұлттық тестілеуге (ҰБТ) дайындайды. Ол жерде ҰБТ тапсыратын бес сабақтан дайын видеолар бар. Бұл – өте керемет дайындалған платформа. Сол бойынша дайындап жатырмыз. Сондай-ақ әуелі мұғалімдердің білімін арттыру мақсатында үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Қазіргі таңда төрт мұғалім «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, North American университетінде ағылшын тілі пәнінен магистратура оқып жатыр. Физика пәні мұғалімі Америкаға «Болашақ» стипендиясымен барып, Нью-Йоркта бір жыл іс-тәжірибеден өтіп келді. Математика пәні мұғалімі Англияға барып, іс-тәжірибеден өтіп келді. Сонда бір жылда алты мұғаліміміз «Болашақ» бағдарламасының стипендиясымен оқыды. Сол шетелде көрген білім тәжірибелерімен мектепке келіп, мұғалімдерді жетілдіріп жатырмыз», – дейді ол. 

Оның айтуынша педагогтардың кәсіби еңбегін рейтингтік бағалау жүйесі KPI рейтингі жүйесі бар. Әр мұғалімнің өзінің жеке бір жылдық және үш жылдық даму жоспары болады. Осы арқылы, мәселен, педагог-шебер мұғалімдер педагог-эксперт, педагог-модератор статусындағы мұғалімдерге менторлық жасап, соларды жетілдіреді.

ЖИ арқылы балаларға сабақ үйрету артықшылығы

«Әрине, мектепте оқушыларға ең сапалы білімді беруі үшін мұғалімдердің білімін жетілдірумен қатар мектептің техникалық базасын жақсарттық. Мектепке жаңа 15 интерактивті тақта алдық, сонымен олардың саны 45 болды. Барлық 60 кабинетте интерактивті тақта болады. Сол арқылы қазір жасанды интеллектіні сабақта қолдану, мұғалімдерге цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында көптеген курстар оқытып жатырмыз. Әсіресе, жасанды интеллектіні мұғалімдер сабақта қолдана білуі және басқара білуі керек. Болашақта бес жылдың ішінде қай салада болсын, педагогика, медицина, IT саласы болсын ЖИ меңгерген адам ЖИ меңгермеген адамдардың орнын басатын болады. Қоғамда сондай сұраныс пайда болады. Мұғалімдердің  категориясын арттыру бір басқа, ЖИ қолданып сол арқылы балаларға сабақ үйрету мүлдем басқа болады. Қазіргі заман талабына сай мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруда көптеген жұмыс жсалып жатыр», – дейді ол. 

Мектеп диреткорының сөзінше, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына бар жағдай жасалған. Білім ордасында айына бір рет «Балаnews» деген мектеп газет-журналы шығады. 

«Жас тілшілер клубын аштық. Сол арқылы болашақ журналист болатын балалар сол жерде жұмыс істеп жатыр. Өздерінің фотографы, операторы, мобилографы бар. Оны тексеретін корректорлары, редакторлары бар. Журнал өте сапалы түрде шығып жатыр. Сонымен қатар балалардың ағылшын тілін дамыту, сөйлесу ортасын қалыптастыру мақсатында Speaking club ашып қойдық. Аптасына бір рет ағылшын тілінде сөйлейтін шетелдік мамандарды әкеліп, балалармен шеберлік сағаттарын өткізеді. Балалармен пікір алмасады. Осындай жұмыстар істеліп жатыр», – дейді Болат Жанайхан.