Апорт алмасы кеңдікті жақсы көреді

Qaz365.kz редакциясы

Ғалымдар апорт алмасы жойылған жоқ, бар дейді

Фото: gov.kz

Алматының іргесіндегі Шымбұлақ ауылында ерекше помологиялық бақ бар. Мұнда жеміс-жидек дақылдарының үлгілері сақталады және зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде Қазақстанның бренді саналатын апорт алмасының жөні бөлек. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығының маңызды саласы саналатын жеміс-көкөніс түрлерін өсіруге баса мән берілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Талғар помологиялық бағы 1937 жылы жылы құрылған және Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтына қарайды. Бақтың 140 гектардай жері, екі мыңға жуық сорт үлгілері бар. Мұндағы ғалымдардың басты міндеті – жаңа сұрыптар шығару, шетелден алып келген сұрыптарды Қазақстанның ауа райына бейімдеу.

Әдетте жеміс-жидек десе бірден ойымызға алма – әйгілі Алматының апорты түседі. Бір кездері Алатаудың баурайы толы апорт болса, бүгінде ол көзден бал-бұл ұшқаны рас. Әйтсе де, агроном ғалымдар апортты жаңғыртумен айналысып жатыр. Бұл істің басында академик Аймақ Жанғалиев және оның шәкірті, профессор Мағжан Исин тұрғаны белгілі. Жабайы алманы зерттеуді бастап берген бұл ғалымдардың соңында ғылыми мектеп қалды, көптеген шәкірттері игілікті істі жалғастыруда.

«Қазіргі кезде помологиялық бақта бес гектар жерде апорт алмасын өсіреміз. Бұл ғылымның көмегімен өсірілетін бақ.  «Malus domestica» атты алма сұрыбы әлемге біздің елімізден тараған. Алманың осы түрлері атақты Ұлы жібек жолымен Шығыс пен Батысқа, Америкаға жеткен. Кейіннен шетел агрономдары жабайы алманың гендерін пайдаланып, осы жемістің неше түрлі сұрыптарын алған. Еліміздегі жабайы алма ағашы 1793 жылы оған алғаш сипаттама берген Ресей ботанигі Иоганн Сиверстің құрметіне ғылымда «Сиверс алмасы» (Malus siversii) деп аталды. Біз Сиверс алмасының формаларын алып, пробиркада өсірілген апортты телу арқылы сапалы материал алдық. Олардан өсірілген көшеттерді 2015 жылы отырғыздық. Қазір міне, сол бағымыз жеміс беріп жатыр. Бақтағы ең үлкен апорт алмасының салмағы жарты килограммға дейін жетті. Келесі жылы бақ толық жеміс береді деген сенімдеміз», – дейді помологиялық бақтың директоры, жас ғалым, Мағжан Исиннің шәкірті Сағи Солтанбеков.

Ғалымдар апорт алмасы жойылған жоқ, бар дейді. Бірақ, бұл алма сұрпы өзіне тән дәміне, хош иісіне ие болуы үшін қажетті шарттарды сақтау керек. Апорт алмасы теңіз деңгейінен 850-1250 метр биіктікте ғана өседі. Ол да  таудағы жабайы алма сияқты тамырын тереңге жібереді. Сондай-ақ, жеміс ағаштарының қатар аралығын, агротехникалық шарттарды сақтау да өте маңызды. Апорт кеңдікті жақсы көреді дейді агрономдар.  

Бір кезде тау баурайын аяусыз отап, құрылыс салудың салдарынан жойылып кете жаздаған әсем жеміс осылайша қайта оралып жатыр.