Аталған танымдық журнал айына бір рет шығады
Балаға қазір білімді сіңіру оңай емес. Көргісі, білгісі келетінін интернеттен бір сәтте таба алады. Қазіргі балалар көп ойланып, миға салмақ салғысы жоқ. Мұндайда қандай амал табу керек? Осы сұрақтың жауабын іздеу барысында Qalan Publishing директоры IT маман, аудармашы, саяхатшы Садық Шерімбек арнайы журнал ашып, олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүргенін естідік. Сөзге тарттық, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Садық Шерімбектің айтуынша, «Әл-Жәбрдің атасы» журналы – академик Асқар Жұмаділдаевтің идеясымен және Qalan халықаралық компаниялар тобының бастамасымен ұлттық ғылым академиясы екеуі серіктестікте шығарылып жатыр. Ол – балаларға, ата-аналарға, жалпы ғылым сүйер көпшілікке арналған журнал. Танымдық журнал айына бір рет шығады.
«Әл-Жәбрдің атасы» журналы оқушылар арасында ғылымды популизациялауға үлес қосады. Соның ішінде күрделі сіресіп қалған оқулықтардағыдай емес иллюстрациямен және баланың тіліне жатық етіп, ғылыми танымдық материалдар жариялайды. Мысалы, тұрақты айдарларында экономиканы қалай оңай түсіндіру, қаржылық сауат мәселесін, химия-биология, астрономиядан бастап бүкіл ғылым саласындағы күрделі ұғымдарды иллюстрациямен және басқаша көзқараспен жазуға талпындырады. Содан кері байланыс арқылы есеп шығару арқылы оқу бағдарламасындағы есептерді басқа қырынан шығаруға әдеттендіреді. Балалардың таным көкжиегін арттырады. Эссе жазуға бейімдейді. «Маман бол» айдарында профориентациялық бағыт береді», - дейді ол.
Садық Шерімбектің сөзінше, ғылымға мән берген мемлекеттер қалай дамып жатқаны туралы да өте қарапайым тілмен түсініктер қалыптастырады. Күнделікті өмірдегі тұрмысымызды жеңілдеткен инновациялардың қалай пайда болғаны туралы иллюстрациялармен мақалаларды оқу арқылы қолданбалы ғылымға бейімделеді. Күрделі математикадағы, геометриядағы есептер мен жаңалықтардың дәл қазіргі өмірде қандай қолданыста жүріп жатқанын түсінеді.
«Мысалға пастерлеу, қайнату секілді химиялық процестердің тағам өндірісіне қандай пайдасы бар екенін біледі. Одан бөлек, жалпы әлемдегі ұлттық парктер, әртүрлі инновациялық парктердің қалай ғылымды дамытуға, биологиялық әлемді, экожүйені қалай жаңартып жатқаны туралы да материалдар бар. Қазіргі технологиядағы смартфондардан бастап барлығына қажет материалдардың қалай пайда болғанын, қандай міндеттерді шешкенін және сол арқылы әлемде қалай технологиялық өзгерістер болғанын да қарастырған материалдар бар. Айта берсек өте көп. Ең бастысы, ғылымды түсінудің, ғылымға бейімделудің және ғылыми ойлаудың негіздерін қалыптастырады», - дейді ол.
Осылайша жалпы жаратылыстану ғылымы салаларының барлығында, математикада және жалпы тарихи тұрғыдан да танымдық материалдар жарияланады. Сол арқылы баланың таным көкжиегі артады, ғылыми ойлау дағдысы қалыптасады және әлемде ғылым көзімен қалай көру керек, соны түсінеді. Иллюстрациядан бастап жатық тілде жазылған материалдар баланың ғылымға қызығушылығын арттырады және ғылыми контентті дамыту арқылы Қазақстанда ғылымның популизациясына әсер етеді.