«Семей Орманы» резерваты – Қазақстандағы ең ірі орман алқабы
Биыл Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексеріп қайтқан болатын. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі орман өрті экологияға, табиғатқа орасан зор шығын келтіргені белгілі. Ендігі міндет – осы орманды қалпына келтіру болып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Швед технологиясы
Жалпы былтырғы өрт салдарынан 66 мың гектарға жуық орман өртеніп кеткен. Қалың қарағайды қалпына келтіру үшін енді ондаған жылдар керек. Қаншама қаражатты да бөлуге тура келеді. Осы мақсатта қазір «Семей орманы» резерватында заманға сай швед жабдықтарымен жедел технология арқылы жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттерін егу жұмыстары қолға алынған. Осы арқылы бір жылда 3 миллион көшетке дейін алынады.
Өсірілетін сау көшеттерді сақтап қалу да оңай емес. Ол үшін қураған, өртенген орманның ескі ағаштары кесіліп, алынып тасталады. Күйген ағаштар кәдеге жаратылады. Ол ағаштарды кәдеге жарату үшін 7,5 млрд теңге инвестиция құйылған.
«Таза Қазақстан» акциясы
Бүкіл Қазақстанның өңір-өңірінде іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері де іске кіріскен. Қасым Қайсенов атындағы 68303 және Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері өрт салдарын жоюға бір кісідей атсалысуда. Олар резерват аумағында орманды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізіп, орманды қалпына келтіру амалына кіріскен.
«Семей Орманы» резерваты – Қазақстандағы ең ірі орман алқабы. Ертістің бойындағы қалың ағашты қалпына келтіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару әскери құралымдары көмектесуде. Өзара іс-қимыл елдің экономикалық әрі экологиялық қауіпсіздігіне, табиғаттың қалыпты сақталуына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өту керек.
Әскери құтқарушылар инженерлік техника мен арнайы жабдықтың көмегімен аумақты күйген орман ағаштарынан тазартады, зақымдалған ағаштарды санитарлық кесіп, зиянкестердің сау орманға таралуын болдырмайтын алдын алу шараларын атқарады. Уақтылы және сапалы санитарлық кесу орманның жағдайын жақсартып қана қоймай, табиғат пен жергілікті тұрғындарға зиян келтіруі мүмкін ауқымды апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.