Сайрам аудандық орталық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары
Түркістан өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында ауданаралық көпбейінді аудандық аурухана құру бастамасы іске асырылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Солардың бірі – Сайрам аудандық орталық ауруханасы. Қазіргі таңда аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылау және орындалу барысымен танысу мақсатында аурухананы аралады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аурухана басшысы Ерғали Әлімбаев, мердігер мекеме «КазЕвроСтрой» ЖШС, авторлық қадағалаушы «МПК-Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Тұран Құрылыс-1» ЖШС-нің өкілдері қатысып, жөндеудің қазіргі жағдайын баяндады. Таяуда ғана басталған нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі.
«Аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу керек. Қарқынды бәсеңдетпеңіздер. Жұмысшылар санын көбейтіңіздер. Ауылдағы жұмыссыз азаматтарды тартқандарыңыз абзал. Материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Ешбір кедергі жоқ. Қаржы қаралған. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Халықтың сенімін ақтауға шақырамын», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Сайрам аудандық орталық ауруханасы тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. 430 төсек орындық тәуліктік стационар жұмыс атқарады. Аурухана құрамындағы аудандық емхана, алғашқы медициналық санитарлық көмек орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік тіректері, медициналық тіректер науқастарға қызмет көрсетеді.