Түркістан облыстық перинаталды орталықта "шала туылған нәрестелер күніне" арналған салтанатты жиын өтті

Qaz365.kz редакциясы

№1 облыстық перинаталды орталығында жыл басынан бері 5505 сәби дүниеге келген

Фото: Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы

№1 Облыстық перинаталды орталығында "Шала туылған нәрестелер күніне" орай үлкен салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға дәл осы мекемеде мерзіміне жетпей туылып, тәжірибелі дәрігерлер жүргізген сапалы емнің арқасында бүгінде ата-анасының көз қуанышына айналған сәбилер қонаққа келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Балғын балапандардың құрметіне ұйымдастырылған жиынға арнайы келген аналар, сәби сүю бақытын сезіндірген дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді. Шара барысында келген бүлдіршіндерді орталықтын бейінді мамандары тексеруден өткізді.

Шала туылған нәрестелерді №1 облыстық перинаталды орталығының басшысы Жабағиева Салтанат Өсәтіллақызы құттықтап, әрбір сәбидін өмірі мен денсауылығы өте маңызды екенін айтып, шала туылған балалар ерекше күтімді қажет ететінін, оларға арнайы медициналық көмек пен ұзақ мерзімді күтім қажет болуы екендігін айтты. Аналарына ерте босанудың алдын алудың маңыздылығын айтып өтті. Орталыққа әрбір келген ана мен туылған балаға сапалы медициналық көмек көрсету үшін, соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларды пайдалана отырып, емдеу шаралары, күтіп-баптау жұмыстары сапалы түрде жүргізілетінін айтып өтті.

Айта кетейік, №1 облыстық перинаталды орталығында жыл басынан бері 5505 сәби дүниеге келген. Оның ішінде мерзіміне жетпей дүние есігін ашқан 1153 нәресте. Перинаталды орталықта он ай ішінде 118 егіз және 4 үшем туылған.