Жүрек ауруын қалай болдырмауға болады? Бәйдібек ауданының дәрігерлері ашық есік күнін өткізді

Qaz365.kz редакциясы

Әр адам салмағын бақылап, үнемі жаттығулар жасап жүрген пайдалы

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында Дүниежүзілік жүрек күні қарсаңында «Жүрегіңді әрекет ету үшін пайдалан!» атты ұлттық бағдарламасы бойынша ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дүниежүзілік жүрек күні - бұл жаһандық денсаулық кампаниясы. Оның негізгі міндеті – жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, олардың пайда болу себептері мен алдын алу жолдары туралы ақпараттандыру. Жүрек-тамыр жүйесі ауруларының қаупін азайтуға көмектесетін бірқатар әмбебап ұсыныстар бар. Бұл жүрекке ғана емес, бүкіл денеге және тұтастай алғанда жалпы әл-ауқатқа пайдалы әсер ететін қарапайым әрекеттер. Оның ішінде, диетаны бақылау, жаттығуларды жүйелі түрде орындау, ұйқыны реттеу және стресспен күресуді үйрену бар.

Сонымен, қандай салауатты әдеттер жүректің саулығын сақтауға көмектеседі деген сауалға жауап берейік. Ас мәзіріңізде картопты, ақ күрішті, ұнды және қантты азайту маңызды. Одан бөлек, майы аз сүт және ет өнімдеріне, дәнді дақылдарға, көкөністер мен жемістерге артықшылық берген жөн. Қан қысымын төмендету үшін тұзды тұтынуды шектеп, қан қысымды жүйелі түрде тексеріп, қажет болған жағдайда оны төмендету шараларын орындау қажет. Сонымен қатар, әр адам салмағын бақылап, үнемі жаттығулар жасап жүрген пайдалы. Бұдан бөлек, темекі шегуді, алкогольді тұтынуды тоқтатып, Салауатты ұйқы жақсы ұйқы арқылы күш-қуатты қалпына келтірген абзал. Демалу жүрек пен денені сау ұстауға көмектеседі. Жүрек - біздің денеміздегі ең маңызды мүшелердің бірі. Ол қанды үздіксіз айдап, денемізді оттегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Жүрек жай ғана мүше емес. Бұл өмірдің және оған қамқорлықтың символы. Сондықтан жүрекке әсер ететін факторларға назар аудару маңызды.