Балалар семіздігінің себептері мен емдеу жолдары қандай – дәрігер кеңесі

Qaz365.kz редакциясы

Дәрігердің сөзінше, артық салмақ пен семіздік көбінесе калория мен майдың көп тұтынылуының салдарынан болады

Фото: ашық дереккөзден

Артық дене салмағы және онымен байланысты аурулар ересектерде ғана емес, балаларда да кездеседі. Балалар арасындағы семіздіктің әсері мен күресу жолдары қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеген Qaz365.kz тілшісі Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ Клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі дәрігері Ақнұр Бектұрсыновамен тілдесті.

Дәрігердің сөзінше, артық салмақ пен семіздік көбінесе калория мен майдың көп тұтынылуының салдарынан болады. Сонымен қатар алкогольсіз сусындардағы қантты шамадан тыс тұтыну, тамақ мөлшерінің ұлғаюы және физикалық белсенділіктің тұрақты төмендеуі семіздік деңгейінің өсуінде үлкен рөл атқаратынын растайтын дәлелдер бар.

«Семіздік баланың физикалық денсаулығына, әлеуметтік және эмоционалдық күйіне және өзін-өзі бағалауына елеулі әсер етуі мүмкін. Бұл сондай-ақ, оқуда нашар үлгерімге және балалардың өмір сүру сапасының төмендеуіне әкеледі. Семіздік салдарынан метаболикалық, жүрек-қан тамырлары, ортопедиялық, неврологиялық, бауыр, өкпе және бүйрек аурулары сияқты көптеген ілеспелі дерттер де байқалып жатыр. Сондықтан артық салмақ пен семіздікті де ауру деп қарастырады. Ең алдымен, баланың тамақтануына назар аудару керек. Бүгінгі балалар шамадан тыс тамақтануға әкелетін тағамдармен қоршалған. Мысалы, шоколад батондары, чипсы, крекер. Бұл жылдам тағам.  Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты ата-аналар үйде әрқашан пайдалы тағам дайындай алмайды. Нәтижесінде балалар өңделген тағамдар мен фастфудтарды көбірек жейді. Төмен физикалық белсенділікпен жоғары калориялы тамақтану — балада қосымша салмақтың жиналуының негізгі факторы болып табылады. Егер семіздік ерте балалық шақта дами бастаған болса, онда бұл қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін», – дейді Ақнұр Бектұрсынова.