Инсульт халықтың өлім-жітім себептерінің және мүгедектікке әкеп соғатын ауру

Qaz365.kz редакциясы

Шара барысында тұрғындарға неврапатолог, кардиолог және жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қызметі тегін көрсетілді

Түркістан облысына қарасты, Арыс аудандық орталық ауруханасында Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай «Ашық есік күні» өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шара барысында тұрғындарға неврапатолог, кардиолог және жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қызметі тегін көрсетілді.Сонымен қатар, келушілердің арасынан денсаулық жағдайына қарай қандағы холестерин, глюкоза деңгейі тексеріліп, экг апаратына түсірілді. Бүгінде жыл сайын Қазақстанның барлық аумағында Дүниежүзілік инсультпен күрес күні жарияланып отыр. Жиын халықты инсульт туралы ақпараттандыруға және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылуда. Инсульт - ми қан айналымының бұзылуымен байланысты ауру, нәтижесінде мидың белгілі бір бөлігіндегі қан айналымы төмендейді немесе толығымен тоқтайды. Бүгінгі күні инсульт халықтың өлім-жітім себептерінің және мүгедектікке әкеп соғатын аурулардың алдыңғы қатарында. 

Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне арналған шара азаматтардың аталған ауру туралы хабардарлығын арттыруға, уақытылы диспансерлеу мен профилактикалық медициналық тексеруден өту,  артериялық қысымды бақылау мен қауіп-қатер факторларын түзету қажеттілігін, сонымен бірге, инсульт белгілерін білу мен инсульт жағдайы орын алғанда өзіндік іс-әрекеттер мен айналадағы адамдардың әрекеттері туралы хабардар болуға негізделген. Жалпы инсульттің алдын алу үшін алдымен артериялық қысымды, холестерин деңгейін, қандағы қант деңгейін, жүрек аритмиясын, дене жаттығуларын жасап және дұрыс тамақтануны қадағалап отыру қажет. Одан бөлек, әрбір адам салмағын қадағалап, зиянды әрекеттерден аулақ болуы қажет. Естеріңізге сала кетейік, инсультпен күрес күні жыл сайын 29 қазанда аталып өтеді.