Инфекция созылмалы болып кетуі мүмкін
Адамға суық тигенін мұрынның бітелуінен, тамақтың ауырғанынан, жөтелден, бас ауруы мен әлсіздіктен білеміз. Кейде дене қызуы да көтеріледі. Бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берген Түркістан облысы Түлкібас аудандық орталық емханасының жалпы тәжірбиелі дәрігері Жапар Әл-Фараби айтып берді.
Дәрігердің сөзінше суық тию қыс пен күз мезгілдерінде, күннің суығында пайда болатын аурулардың тұрмыстық деңгейде тараған үйреншікті атауы дейді. Алайда инфекция созылмалы болып кетуі мүмкін, яғни ол үнемі қайталанып тұратын болады. Сондықтан кез келген суық тию – өз-өзіңе көңіл бөліп, денсаулықты қалпына келтіру үшін уақыт табуға бірден-бір себеп. Егер ауру белгілерін байқасаңыз, міндетті түрде медициналық көмекке жүгініңіз.
«Суық тиді деп айтылатын ауру суықтың себебінен пайда болмайды. Әдетте суық тию бұл медициналық карталарда ЖРВИ аббревиатурсымен белгіленетін вирустық инфекция. Айналамызда ұқсас ауру белгілерін тудыратын вирустардың саны өте көп. Вирустар көпшілік жиналатын орындарда ауа немесе қол арқылы таралады. Ағзаға микробтар енген кезде, иммунитетіміз шабуылға жауап ретінде антиденелер-вирусты өлтіретін қорғаушы ақуыздар өндіреді. Бұған бірнеше күн кетеді, ал содан соң иммунитет микробты жояды. Негізінде суық тию шамамен бір апта ішінде, антиденелер пайда болу барысында өзінен-өзі қайтады. Бірақ біз ауруды жеңілдете аламыз. Оның ішінде, үйде қалып демалып әрі көбірек сұйықтық ішкен жөн. Кептірілген жемістен жасалған компот немесе жылы шай аурудың белгілерімен күресуге көмектеседі. Күніне сау кезіңізде ішетін мөлшерден 3-5 шыныға артық ішкен жөн. Қатты қызу көтерілген кезде дене көп ылғал жоғалтады, сондықтан жоғары температура да бір шыны шай ішуге себеп болады», – дейді дәрігер.