Түркістанда азаматтардың 80 пайыздан астамы МӘМС жүйесіне сақтандырылған

Qaz365.kz редакциясы

18 жасқа дейінгі бала мемлекеттің есебінен жүйеде сақтандырылады

Түркістан облысындағы мектептегі жоғары сынып оқушыларына МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі түсіндірілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түсіндірме жұмыстары барысында МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары бойынша ақпараттар берілді. Одан бөлек, жалпы орта мектептегі жоғары сынып оқушыларына жүйедегі мәртебені сақтау және тұрақты қатысуға байланысты мәліметтер айтылды. Бүгінде Түркістан облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту жұмыстары жалғасуда. Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық бар. Соның ішінде азаматтардың 80 пайыздан астамы МӘМС жүйесіне сақтандырылған.

Жалпы, 18 жасқа дейінгі бала мемлекеттің есебінен жүйеде сақтандырылады. Ал, оқушы мектепті бітірген соң, жоғары немесе арнаулы оқу орнына күндізгі бөлімде студент болса, жүйедегі жеңілдік санатқа ие болады. Жұмысқа ресми орналасса, жұмыс беруші тарапынан жарна және аударым жасалады. Не болмаса жеке кәсіпкер, дербес төлеуші ретінде төлемді әр айдың 25-інен кешіктірмей тұрақты жүргізгені жөн. Сонда МӘМС жүйесіне қатысушы мәртебесін жоғалтпайды.

Егер сіз жұмыскер болсаңыз, онда Сізге egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, «Медициналық қызметтерді пайдалану туралы және МӘМС жүйесіне төленген аударымдар мен (немесе) жарналар туралы мәлімет беру» деп аталатын онлайн-қызмет арқылы жұмыс берушінің ай сайын аударып отырған аударымдары жайлы ақпарат алуға болады. Көптеген жеке кәсіпкерлер егер ЖК ретінде табысы болмаса, онда МӘМС жарнасын аударудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл – қатер пікір. Жеке кәсіпкер табыс таппаса да, МӘМС жарнасы мен аударымдарын төлеуге міндетті (ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4  есе көрсеткішінің 5%-ы).