Қант диабетінің алдын алуға бола ма? Түркістандық дәрігер тәжірибесімен бөлісті

Qaz365.kz редакциясы

Дәрігердің сөзінше, қант диабетінің алдын алу үшін ең бастысы дұрыс тамақтануға көңіл бөлу қажет

Фото: ашық дереккөзден

Қант диабеті артық салмақ, дене белсенділігінің аз болуы және дұрыс тамақтанбау сияқты факторлар салдарынан пайда болады. Бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне Түркістан облысындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ Клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі дәрігері Ғалия Нұрмаханбет айтып берді.

Дәрігердің сөзінше, қант диабетінің алдын алу үшін ең бастысы дұрыс тамақтануға көңіл бөлу қажет. Тамаққа қосылатын жасанды қосымшалар мөлшерін бақылап, консервіленген, майлы өнімдерді және көмірсуларды азайтқан дұрыс. Маман рацион әртүрлі және үйлесімді болуын қадағалап, жемістер мен көкөністерді көбірек тұтыну керектігін ескертті. Сондай-ақ, қант диабетінің алдын алу үшін күйзеліске түспей, эмоциялық жағдайға мән беру керектігін айтты. Күйзеліс тікелей қан қысымымен байланысты.

«Қант диабетінің даму себебінің бірі – семіздік болғандықтан, оның алдын алу үшін тамақтануды реттеуден бастаған жөн. Алайда өзіңізді қатаң диеталармен қинауға, аштық жариялауға болмайды. Күніне бірнеше рет, бірақ аз-аздан жеген дұрыс. Қарныңыз ашпаса, тамақ жемеңіз. Мәзірді түрлендіріңіз, оған көкөністер, жемістер қосыңыз. Қуырылған тамақты қайнаған және бұқтырылған тамаққа ауыстырыңыз. Күніне 30 минут болсын физикалық жаттығуларға уақыт бөліңіз. Физикалық жаттығулар зат алмасу процестеріне жағымды әсер етеді. Қант диабетінің алдын алу үшін жаяу жүру, велосипед тебу, билеу, жүзу, футбол ойнау және т.б спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұл аурудың ағзадағы зат алмасу процестерін бұзатыны соншалық, нәтижесінде дененің көптеген бөлігі, соның ішінде жүрек, қан тамырлары, бүйрек, жүйке жүйесі және көз зардап шегеді. Қант диабетіне шалдыққан науқас дұрыс күтінбесе, ағзада бірнеше ауыр асқыну болуы мүмкін»,- дейді маман.