Түркістандық дәрігер анемияны қалай емдеу қажеттігін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Дұрыс емес рацион, уақытында тамақтанбау, жарақаттанып, көп қан жоғалту, операция анемияны тудырады

Фото: ашық дереккөзден

Анемияны «қаназдық» деп те айтады. Негізінде ол қанның мөлшерін емес, қандағы оттегінің, эритроциттің немесе гемоглобиннің төмен екенін сипаттайтын ауру Бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне Түркістан облысындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ Клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі дәрігері Ақнұр Бектұрсынова айтты.

Дәрігердің сөзінше анемия өздігінен пайда болатын, бөлек ауру емес. Оны басқа аурулар тудыруы мүмкін. Олар жұқпалы, қабыну, онкологиялық, ішекқұрт аурулары, патологиялық босану мен етеккір немесе тағы басқалары болуы мүмкін. Оған сыртқы факторлар да әсер етеді. Дұрыс емес рацион, уақытында тамақтанбау, жарақаттанып, көп қан жоғалту, операция анемияны тудырады. Анемия геморрой, жарақат, ойық жара, асқазан ауруларының әсерінен пайда болуы мүмкін.

«Анемия ағзада кей заттардың жетіспеуінен де болады. Мысалы, В12 дәрумені мен фолий қышқылының, балаларда С дәруменінің тапшылығы және пиридоксиннің аз болуынан анемия болады. Бұл заттардың барлығы гемоглобин мен эритроциттің түзілуіне әсер етеді. В12 дәрумені мен фолий қышқылы адамның тұтынатын тағамында болмауы немесе өте аз болуы мүмкін. Оған алкоголизм мен нашақорлық, бауыр мен асқазанның созылмалы аурулары да әсер етеді. Анемия ағзаға темірдің көп мөлшері қажет болған жағдайда да пайда болады. Қаназдық жүктілік кезінде де дамиды. Өйткені ананың ағзасына баланың қалыптасуы үшін көп темір қажет болады. Қалыпты жағдайда әйелдің ағзасынан күніне 0,6 миллиграмм темір шығады, ал бұл сан жүктілік кезінде 3,5 миллиграмға дейін артады. Қаназдық төмен деңгейде болғанда оның симптомдары әдетте біліндейді. Ағзада темірдің жеткілікті болуы үшін дұрыс тамақтану, құрамында темірі бар дәрі-дәрмектерді ішу жеткілікті»,- деді маман.