Дәрігердің сөзінше, күн салқындағанда тұмау вирусы өршиді
Тұмау – бұл вирус, өткір респираторлық инфекция, яғни тыныс алу жолдарының ауруы. Тұмау вирусы жұқпалы және адам ағзасына түссе өршіп кетуі мүмкін. Бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне Түркістан облысына қарасты, Сауран ауданының терапевт воп дәрігері Назира Аманбаева айтты.
Дәрігердің сөзінше, күн салқындағанда тұмау вирусы өршиді. Кейде адамға суық тиіп, тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін. Бірақ бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Сондықтан тұмау мен салқын тиіп ауруды шатастырып алмау керек. Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Ауруды емдеу күрделі, бірақ иммун жүйесі тұмаумен күресуде және денені қалпына келтіруде үлкен рөл атқарады.
«Тұмаудың диагностикасы әдетте клиникалық тексеруге негізделген. Дене температурасы күрт көтерілген жағдайда мүмкіндігінше тезірек дәрігерден кеңес алу керек. Тұмаумен ауырған кезде дәрігердің қадағалауы өте маңызды, себебі асқынудың басталуын уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Асқынулар температураның қайта көтерілуі, жөтелдің жоғарылауы және жалпы жағдайы біршама жақсарғаннан кейін қайтадан нашарлау сияқты белгілерде пайда болады және әдетте аурудың 4-5-ші күндерінде білінеді. Бұл жағдайда қосымша анализдер жүргізу керек. Сондықтан иммунитетті күшейту маңызды. Терең демалу, көп сұйықтық ішу, алкоголь ішу және темекі шегуді тыйған жөн. Тұмау кезінде антибиотиктер ішу тиімсіз. Антибиотиктер тек екінші реттік бактериялық аурулар болған жағдайда ғана тағайындалады. Бірақ суық тию немесе тұмау белгілері байқалған кезде антибиотиктерді дәрігердің нұсқауынсыз қабылдау тұрғындар арасында кең таралған. Көбіне бұл кері әсер туығызады», – дейді маман.